Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қытай Халық Республикасындағы сапары барысында Қытай басшысы Ши Жинпиңмен кездесті. Қытай басшысы Халық сарайының алдында ҚР президентін салтанатпен күтіп алып, тараптар кеңейтілген кездесулер өткізді.
Қазақстан президентін күтіп алу рәсімінде Қытай басшысы Ши Жинпиңмен бірге Қытай СІМ басшысы Уаң И, ҚХР сыртқы істер жөніндегі орталық комитеттің жетекшісі Яң Жиечы және өзге де бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары қатысты.
Қытай басшысы Қытай жетістіктерін көбірек сөз етті
Кездесуде Қытай басшысы Қытайдың алда келе жатқан 70 жылдық мерей тойы туралы тоқталып, 70 жыл ішіндегі Қытайдың жеткен жетістіктері туралы көл-көсір сөздерге орын берген. Сыртқы әлемдегі өзгерістерге қарамастан, Қытай өзінің реформаларын жалғастыра беретінін айтқан. Сондай-ақ, «Қазақстан мен Қытай қатынасы – тату көршілік, достықтың үлгісі» деп бағалай келіп, Қытай тарабы Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуге және «Жібек жолы жаңа экономикалық белдеуі» жобасын мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруда қолдау көрсететінін білдірген.
Тоқаев: ҚР бұрынғы президенті мен Қытай басшысы жасасқан келісімдер күшінде қала береді
Президент Тоқаев кездесудегі сөзін Қытайдың 70 жылдық мерей тойымен құттықтаумен бастап, екі ел арасындағы тұрақты дипломатиялық қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өткен. Қытайдың бірқатар жетістіктерін атай келіп, Қытай реформасы мен дамуының Қазақстанға болған ықпалы туралы да сөз еткен. Әрі Қазақстан билігі Қытайдың үкіметі мен халқына ұлттық егемендігіне, қауіпсіздігіне және дамуына қолдау көрсететінін жеткізген. Сонымен бірге, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасын дамытуға дайын екенін де білдірді.
Тоқаев кездесу кезінде Қытай басшысына Қазақстанның «Бір белдеу, Бір жол» жобасы аясында Қытаймен жоғары деңгейдегі байланыстарды орнатуға, сондай-ақ, экономика, сауда, инфрақұрылым, энергетика, 5G технологиясы, ғылым-технология және гуманитарлық салалардағы прагматикалық ынтымақтастықты нығайтуға ынталы деп атады. Бұған қоса, Екі тарап «Үш күшке» қарсы тұру, аймақтық қауіпсіздікті сақтау және сыртқы араласуға қарсы тұру үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен АзияИнфо аясында тығыз байланыс орнатып, ынтымақтасуы керек деп көрсетті.
Қытай үкіметінің жоғары лауазымдыларымен кездесулер және бизнес өкілдерінің кездесуінде президент Тоқаев Қазақстан-Қытай арасында сауда көлемі барған сайын артып келе жатқанын, тәуелсіздіктен бері қарай Қытайдың Қазақстанға 20 млрд доллар көлемінде инвестиция салғанын айтқан. Сонымен бірге, Қазақстан Қытайға бағытталған бидай экспортын 3 есеге арттыруға дайын екенінде білдірген. Тоқаев сапары барысында Қазақстанның бұрынғы президенті мен Қытай басшысы арасында жасалған келісімдердің сақталатынын мәлімдеген.
Тоқаевтың қытай тілін еркін сөйлеуі қытай әлеуметтік желілерінде
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдағы алғашқы ресми сапары қарсаңында Қытайдың әлеуметтік желілерінде Тоқаевтың қытай тілін еркін сөйлейтіні көбірек сөз болды. Президент Тоқаевтың қытай иероглифінде жазған құттықтауы Қытайдың бірқатар ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған.
Алайда, ел ішіндегі кейбір сарапшылар Тоқаевтың Қытай сапары экономикалық тәуелділікті тереңдетеді деген көзқарастар да айтады.