Гонконгта үш айдан бері демократияны талап еткен наразылық шерулерінің жалғасып жатқаны белгілі. Бейжің билігі Гонконгтағы наразылық акцияларының перде артында АҚШ-тың коммунистік партияның билігіне қарсы әрекеті тұр деп айыптап келеді. Әрі, Қытайдың ресми мәлімдемелері мен ақпарат құралдарында Гонконг мәселесі бойынша АҚШ-ты айыптау барған сайын үдей түсті.

Наразылық жүрістері кезінде кейбір Гонконг азаматтары шеруге АҚШ туын көтеріп шыққан. Олар өз әрекеттерін: «Біз бұл арқылы әлемге демократия мен еркіндікті қалайтынымызды білдіргіміз келді», – деп түсіндіреді. Алайда, Қытай ресмилері бұны Гонконгтағы ереуілдерді АҚШ-тың астыртын қолдап отырғанының дәлелі ретінде көрсеткісі келеді. Сондай-ақ, Қытай ресми ақпарат құралдары АҚШ-ты Гонконгтың демократиялық құқығын қорғауды желеу етіп, Қытай Коммунистік билігін құлатуға әрекеттенді деп айыптауда.

Гонконгтағы наразы жұрт Қытай билігін «демократия мен демократиялық құндылықтарды жек көреді және Гонконгтан осыларды тартып алғысы келеді» деп санайды. Қытай билігі Гонконг тұрғындарының наразылық акциялары дербестік немесе сепаратистік бағытта екенін дәлелдеп бере алмай отыр. Алайда, наразылық шараларына перде артында қолдаушы болып отырған шетелдік күштер бар деген пікірден айныған емес.

The New York Times осы мәселе турасындағы арнаулы мақаласында: «Айыптаулардың кейбірі жалаң жалғаншылықтан басқа ештеңе емес. Бірақ, олардың айыптауына, «қастық теорияларын» жасап шығаруға, яғни, Америка Құрама Штаттары Қытай басшысы Ши Жинпиңнің қатаң бақылауын бұзу үшін жасырын қылмыстық әрекеттерге бар деп айыптауына жеткілікті фактілер де бар», – деген пікір берген. Аталған басылым бұндай фактілердің қатарына АҚШ-тың жоғары лауазымдыларының, Конгресс мүшелерінің Гонконгтағы наразылықты қолдаған мәлімдемелері; Гонконг оппозициясы жетекшілерінің АҚШ үкіметтік шенеуніктеріне кездесуін алға тартады.

Гонконгтағы ереуілдерде полициямен қақтығыс. Фото: VOA.

Шынында, Гонконгте наразылық акциясы баста салысымен және одан бұрын да АҚШ-тың бірқатар ресми тұлғалары Гонконг тақырыбында мәлімдемелер жасаған. Олар демократияны талап еткен шерулерді қолдайтынын, Гонконг тұрғындарының талабы орынды екенін ашық түрде айтқан. Сонымен бірге, Қытай тарабы Гонконг оппозиция өкілдерінің Гонконгтағы АҚШ консулымен, вице-президент Майк Пенспен, Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтонмен кездескенін дәлелдей алады.

Бейжің тарабы кейбір фактілерді алға тарта отырып, АҚШ-қа және ресми тұлғаларына ескертулер жасады. Оларға Қытай мен Гонконгтің ортасындағы ішкі іске араласты деген айыптар да тақты. Әрине, Қытай билігі бұдан 30 жыл бұрынғы Тян-анмын алаңындағы наразылықтан тартып, үлкенді-кішілі ішкі саяси қайшылықтардың бәрін дерлік шетелдік күштерге жауып келеді. Бірақ, Бейжің Гонконг мәселесінде ұстанған қатаң позициясы сыртқы аудиторияны да ойландырып тастағандай болды.

Сарапшылар, Қытай билігінің Гонконг мәселесі бойынша сыртқы күштерді қатаң айыптауы және қатаң позицияда болуы Гонконг мәселесін Араб елдері, Грузия, Украина жағдайларына ұқсатуы деп санайды. Яғни, Қытай аталған елдер мен өңірлердегі ішкі бұлғақтың артында тұрған шетелдік күштердің әсері соңында үлкен саяси өзгерістерге алып келгенін біледі. Сондықтан да, Гонконг мәселесінде бастан-аяқ қатаң позицияны ұстап тұруға тырысады деп санайды.

Гонконгтағы наразылық шерулері  Фото: Photo by Anthony (WALLACE / AFP)

Қытай Сыртқы істер министрлігі жақында жариялаған 42 беттен тұратын мәлімдеме құжатында, Гонконгтегі наразылық акциясын қаржыландырды деп АҚШ-тың Демократияны қолдаушы ұлттық қорын (National Endowment for Democracy) айыптаған. Конгресс жағынан қаржыландырылатын Демократияны қолдау қоры 1983 жылы бүкіл әлемдегі демократия мен адам құқығын қолдау мақсатында құрылған болатын.

Қытайдың ресми телеарнасы CCTV-дің ағылшын тіліндегі арнасы, Қытай СІМ-і таратқан мәліметке сілтеме жасай отырып: «Америка Құрама Штаттары Гонконгтағы ереуілдерді тек ауыз жүзінде қолдаумен шектеледі, қаржылық қолдау көрсетті», – деп хабарлады. Сондай-ақ, осы хабарда Демократияны қолдау қоры мен АҚШ Орталық барлау агенттігі (CIA) Қытай үкіметіне қарсы жасырын операцияларда ынтымақтастық жасады деген мәліметтер де берді.

Гонконг мәселесіне келгенде ресми Бейжің АҚШ-тың лауазымдыларын ресми мәлімдемелерде айыптаумен шектелген жоқ. Екіжақты кездесулерде де АҚШ пен оның лауазымды тұлғаларын Гонконг мәселесі бойынша айыптады. Тіпті, Бейжің тарабы наразылық шерулеріне қарсы полицияның әрекетін айыптаған халықаралық қауымдастық пен G7 саммитінің ортақ мәлімдемесіне де қарсы айыптар тақты.

Бір сөзбен айтқанда, Гонконг мәселесіндегі Бейжіңнің қатаң позициясы Коммунистік режимнің бет-бейнесін көрсетумен бірге, Қытай үкіметінің басты алаңдаушылығын да әлемге көрсетті. Тағы бір қырынан қарайтын болсақ, бұл Гонконг мәселесінің шын мәнісінде бір ғана Гонконг шаһарының шаруасы ғана емес екенін, алып қалада тоғысқан ірі державлар қақтығысы мен мүдделердің қайшылығы екенін де байқауға болады. Гонконг дағдарысы Бейжіңді тіпті де қатаң режимге қарай итермеледі десе де артық емес. Экономикалық құлдырау, ішкі қайшылықтар артқан сайын Қытай өзінің қуатты күшіне қарай бейімделе түсуі ғажап емес. Бұл әрине ең алдымен державаның өзі үшін қатерлі.

“The Qazaq Times”