Америкалық CNN арнасы өзінің ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, АҚШ-тың барлау қызметі 2017 жылы өзінің Ресей үкіметінде істеген тыңшысын елден жасырын алып  кеткені туралы жазды. Телеарнаның айтуынша, АҚШ арнайы қызметінің Ресейдегі тыңшысын елден алып кетуіне Дональд Трамп администрациясының жасырын мәліметтермен жұмыс істеудегі олақтығы себеп болған. Барлау қызметі өз тыңшысының ашыққа шығып қалуынан алаңдаған.

Хабарда айтылуынша, Ресейдегі тыңшыны алып кету туралы шешім 2017 жылы мамыр айында президент Трамптың Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров және орыс елшісі Сергей Кислякпен Ақ үйдегі кездесуінен кейін қабыл алынған. Телеарнаның болжауынша, сол реткі кездесуде, президент Трамп және оның админстрациясы арнайы қызмет жетекшілігіне ыңғайсыздық тудырған бірқатар оғаш әрекеттерге жол берген. Осыдан кейін барлау қызметі өзінің Ресейдегі тыңшысының қауіпсіздігінен алаңдай бастаған.

CNN-нің ақпарат көзі берген мәліметке қарағанда, Ресейдегі тыңшы туралы АҚШ үкіметі мен арнайы қызметінде тек санаулы адамдар ғана білген. Сондай-ақ, оның берген құпия мәліметтері аса құнды болып, оның орнына балама агент мүлде жоқ болған.

Бірақ, аталған хабарды таратқаны үшін CNN арнасы АҚШ үкіметі мен Орталық барлау агенттігі (CIA немесе ОБА) жағынан сынға да ұшырауда. Орталық барлау агенттігінің өкілі Британни Брамелл аталған мәліметте жоққа шығарды және оны жаңылысқа алып келетін жалған мәлімет деп бағалады. Ақ үй де бұл туралы мәлімдеме жасап: «Бұл ақпарат жалған ғана емес, кейбір адамдардың өмірін қауіпке душар ететін ақпарат», – деп сынады.

Президент Трамп та өзінің «Твиттер» парақшасында бұл хабарға ренішті пікірін білдірген. Ол: «Менің ойымша, олар (CNN) рейтингі төмендеп кеткендіктен шығынға батып отыр. Бірақ, шынына келсек, CNN АҚШ үшін зиянды. Оның халықаралық бөлімі әлемге жалған және бұрмаланған ақпараттарды таратып отыр», – деп сөкті.

Ал, Ресей Сыртқы істер министрлігі де бұл туралы ресейлік басылымдарға жауап берген. «Бұл туралы CIA растасын немесе жоққа шығарсын. Ал енді, Лавров пен Трамптың кездесуіне келсек, мұндай жалған қалыпты CNN өзі ойлап тапса керек», – деген Ресей СІМ тарабы.

Орталық барлау агенттігінің бұрынғы қызметкерлері бұндай жағдай болған күнде де өте сирек болатынын айтқан. Ал, енді ағылшынның The Guardian басылымы болса, Ресейдегі лауазымды тұлғалардың елден шығуы туралы зерттеп көріп, бұндай жағдай соңғы рет 2010 жылы болғанын айтты. Сол кезде Ресей барлау қызметінің бір қызметкері елден жалған паспортпен шығып кетеді. Кейін, Ресей соты оны мемлекетке зиян салды деген айыппен сырттай соттаған.

“The Qazaq Times”