10 қыркүйек Алматы уақытымен кешкілік сағат 20:00 шамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен барды.

Мемлекет басшысы Бейжіңде Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің VI отырысының ашылуына қатысады және Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқуы жоспарланған. Ел президенті Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен және Қытайдың бірқатар саяси және іскерлік топтарымен келіссөз өткізеді.

Қазақстан басшысының Қытайға жасаған екі күндік сапарының аясында Ханчжоу қаласына да барып, инновациялық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару бойынша көшбасшы «Hikvision» компаниясының жұмысымен танысады. Сонымен қатар бағдарлама бойынша «Alibaba» компаниясының кеңсесіне барып, Джек Мамен кездесу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетсек, қыркүйектің 9-ы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11-12-сі күндеріне жоспарланған ҚХР-ға мемлекеттік сапары қарсаңында Қытайдың CCTV телеарнасына қазақша және қытай тілінде сұхбат берген еді. Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел. Еліміз Қытай алдында 2018 жылғы есеп бойынша 12 миллиард доллар берешек.

Қыркүйектің басынан бері ел аумағында Қытайлық «55 жобаның Қазақстанда жүзеге асуына, «Қытай экспансиясына» қарсылық акциялары өтіп жатыр.  Оннан астам қала мен аудан-облыстарды қамтыған наразылықтарда белсенділер тарапынан «Қытаймен қарым-қатынасты шектеу», «Тоқаевтың іс-сапардан бас тартуын», «Қазақстанда салынатын қытайлық 55 жобаның тоқтатылуын», «Қытайдан қарыз-несие алмауын» талап еткен болатын. Елдегі Қытайға қарсы наразылық көңіл-күйдің өршіп тұрғанына қарамастан Тоқаев ресми сапарынан бас тартқан жоқ.

Қазақстан президентін күтіп алу шарасы. 10 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

Қазақстан басшысы Тоқаев Қытайға ресми сапармен барды. 10 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына арнайы экслюзивті сұхбат берді. 9 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

Тоқаев Қытайдың CCTV телеарнасына ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойымен құттықтап қазақша және қытай тілінде сұхбат беруде. 9 қыркүйек 2019 жыл. Фото: Берік Уәли

"The Qazaq Times"