Қазіргі «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының экс-төрағасы Жармахан Тұяқбай партия басшылығының ауысуын «лас және ашық төңкеріс» деп бағалады.

Партия құрылған 2006 жылдан бастап биылғы сәуірге дейін төраға қызметінде болған Жармахан Тұяқбай «6 қыркүйекте ЖСДП-ның 15-ші съезінде бейтаныс адамдар ұйымдастырған делегаттар тобы мораль мен адамгершіліктің кез келген нормаларын пайдалана отырып, партияға лас және ашық төңкеріс жасап, Ермұрат Бәпиді қызметінен ығыстырды. Түсінгенім бойынша, бұл алдын-ала дайындалған сценарий. Қазақстанды жалғыз оппозициялық партиядан айыру мақсатында жасалғанын көріп отырмыз», – дейді.

ЖСДП оппозициялық партиясын 13 жыл басқарған экс-төрағасы Жармахан Тұяқбай. Фото: ашық дереккөз

Vlast.kz интернет-журналының хабарлауынша, Жармахан Тұяқбай XV съезде орын алған бұл оқиғаны «нағыз трагедия» деп бағалады. Сондай-ақ, экс-төраға партия мүшелерін ЖСДП-ның жаңа съезін өткізуге және Ермұрат Бәпи өкілеттілігін қалпына келтіруге шақырды.

Партия құрамына қабылданғанына көп бола қоймаған оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай да бұл өзгеріске наразы. Редакция тілшісіне берген сұқбатында ол:

– Бұл – таза биліктің жасаған сценарийі. Өйткені Ермұрат Бапи бұл партияда біраз реформалар жүргізгісі келді. Бұл жерге тәуелсіз, азат азаматтарды алып келгісі келді және алда келе жатқан парламент сайлауында «НұрОтанға» кәдімгідей тойтарыс беретін күшке айналдырғысы келді бұл партияны. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, өкінішке орай биліктің ұйымдастырған сценарийімен осындай өзгеріс болып жатыр ол жерде. Сондықтан бұл партия енді нағыз өлі партияға айналды деуге болады, – деген еді.

ЖАСДП құрамына жақында ғана кіріп, енді шығуды жоспарлап отырған саясаткер Жанболат Мамай. Фото: Азаттық

Осыған дейін қыркүйектің 6-сы «Ақиқат» ЖСДП партиясының бұрынғы төрағасы Ермұрат Бәпи партия мүшелері оған Париж конференциясына қатысуына сенімсіздік білдіргеніне байланысты отставкаға кетті. Оның орнына партияның астаналық филиалының басшысы Асхат Рахымжанов келді.

7 қыркүйек Алматы қаласында өткен ІІ Халық құрылтайының жиынында Ермұрат Бәпи жағдайға қатысты сот процестері басталғанын мәлімдеген болатын.

"Ақиқат" ЖСДП экс-төрағасы Ермұрат Бәпи құрылтайда. 7 қыркүйек 2019 жыл. Фото: QT

"The Qazaq Times"