6 қыркүйек елордада бастамашылдық тұрғысынан Парламентке қарағанда сергек, бірақ құзіреті шектеулі, заңдық қуаты жоқ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтеді.
Естеріңізде болса, Сайлаудан кейін 12 маусым Тоқаев ұлықтау рәсімінде билік пен бұқара арасында диалог орнату үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген болатын. Сол күні-ақ «ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы» жарлық шығарылған еді.
Парламент атқаруы тиіс қызметті арқалаған қоғамдық кеңес құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдері кіретін Ұлттық кеңес қазіргі таңда ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерді талқылайды. 45-ке тарта мүшесі бар көпсалалы кеңестің Ережесінде құзіреті қоғамдық сараптама жүргізу; проблемаларды қарау; жұртшылықтың, ішінара сындарлы диалогты қамтамасыз ету міндеттемелерімен белгіленген. Ешқандай заңдық немесе іргелі өзгеріске бастайтын юстициялық статусы жоқ.
28 тамызда мемлекет басшысы Президент әкімшілігінің басшысы, Кеңес төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамындағы қоғам қайраткері, публицист Сейдахмет Құттықадаммен, Азаматтық альянс президенті Асылбек Қожахметовпен, «Сакралды Қазақстан» ҒЗО жетекшісі Берік Әбдіғалимен т.б. мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Бізге белгілісі, қоғамдық кеңес мүшелері саяси-әлеуметтік, әлеуметтік-гуманитарлық және экономикалық болып 3 топқа жіктелген. Бүгін үш топ өз ұсыныстарын, жоспарларын, талап-тілектерін кеңестің алғашқы отырысында айтуы тиіс.
Соңғы жылдары Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси өмірі қиындағанын растаған Тоқаевтың Парламенттен тыс Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру идеясы көптеген тәуелсіз сарапшылар тарапынан сыналып, «косметикалық реформалар», «алдарқатушылық» деп бағаланған еді.