АҚШ алғаш рет Иранның ғарыштық агенттігін санкция тізіміне енгізді. Уашингтон Иранды зымыран бағдарламаларын жасырып қалу үшін ғарыштық бағдарламаны пайдаланған деп айыптаған.
«Құрама Штат Иранның баллистикалық зымыран бағдарламаларын ғарыштық ұшыру бағдарламаларымен көлегейлеуіне жол бермейді деді», – АҚШ-тың мем. хатшысы Майк Помпео сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.
Жаңа санкция Иранның ғарыш агенттігі, Ғарыштық зерттеулер орталығы және Аэронавтика институты қатарлы орталықтары мен кәсіпорындарына бағытталады. Санкция талабы бойынша Құрама Штат осы орындардың активтерін бұғаттайды және америкалықтардың олармен жұмыс жүргізуіне тыйым салады.
АҚШ-тың мәлімдеуінше, Иран ғарышқа ұшыратын зымырандарды баллистикалық зымыран техникасын пайдаланып жасайды немесе соған өзгертеді. Ұшыру кезіндегі және ұшу күйіндегі зымыранды басқару әдістері де баллистикалық зымырандарды басқару әдісімен бірдей екенін алға тартқан.
Ресми Уашингтон Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасы үшін Халықаралық ғылыми қауымдастықты да сынға алған. Мәліметке қарағанда, Халықаралық ғылыми қауымдастық пен Иранның ғарыштық аппараттар саласындағы ынтымақтастығы баллистикалық зымыран бағдарламасын жүзеге асыруына көмектеседі.
Алайда, Иран өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды, әрі ғарыштық бағдарламаларының мақсаты байланыс жерсеріктері (спутник) үшін зымырандар жасау екенін алға тартты.
Иран 2013 жылдан бері екі бірдей байланыс жерсерігін орбитаға шығарған. Алайда, биылғы жылға жоспарланған үш реткі ұшыру сәтсіздікке ұшырады. Бұдан біраз бұрын ұшыру алаңында бір зымыраны жарылып кетті.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иранның баллистикалық зымыран жасауына және оған өзге елдердің көмектесуіне тыйым салған болатын.