Ресей мен Иран ортасында Парсы шығанағына қатысты кешенді келісімдер жасалды. Мәскеуде бас қосқан екі елдің СІМ басшылары Парсы шығанағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастық орнатуға келісім берді. Бұл қазіргі ушығып тұрған шығанақ мәселесінде Ресейдің де ойыншы ретінде араласуы мүмкін екенін көрсетеді.

Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровпен біріге өткізген баспасөз жиынында Иран сыртқы істер министрі Мұхаммад Жавад Зариф екі елдің көптеген халықаралық мәселелерде ортақ көзқарасқа ие екеніне көбірек тоқталды. Әрі, Иран Парсы шығанағындағы Ресейдің мүддесін қолдаушы ел екенін айтып өтті.

Екі елдің СІМ басшылары АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әрекеттері туралы ортақ пікірде екенін білдірді. Олардың ойынша АҚШ-тың Парсы шығанағына кіруі аймақтың тұрақтылығына зиян келтіреді.

Өз кезегінде Лавров Парсы шығанағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Ресейдің де мүдделі екенін жеткізе келіп, шығанақ қауіпсіздігі аймақ қана емес, Батыс Азия мен Еуропа үшін де аса маңызды деген пікірін айтты.

Иран мен АҚШ қатынасының ушығуына байланысты Парсы шығанағындағы дағдарыс күшейді. Ондағы мұнай тасымалы Еуропа мен Азия елдері өзге де алыс құрлық елдері үшін де аса маңызды екені белгілі. Шығанақтың батыс жиегі араб елдері болса, шығысы Иран. Алайда, Иран шығанақтың басым көп бөлегіне өз бақылауын жүргізіп келеді. Өңірдегі ең үлкен стратегиялық қарсыласы Сауд Арабиясы АҚШ-тың одақтасы саналатындықтан, Теһранның бұл қадамы Ресейді ойынға тарту деп бағалауға болады.

“The Qazaq Times”