Жаңаөзен халқы Қытай компанияларына қарсы митингке шықты.
Бүгін Жаңаөзен қаласында Қазақстанға көшіріледі делінген 55 қытайлық зауытқа қатысты қарсылық акциясы өтті. Шеруге жиналғандар облыс әкімі Серікбай Өтелгенұлымен кездесіп, өздерінің талап-тілектерін айтты. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Самат Мейірұлының сөзінше, алаңға жиналған халық облыс әкімімен кездескеннен кейін үйлеріне тараған.
Жаңаөзен халқы қыркүйек айының 2-і күні алаңға жиналып, Қазақстанға Қытайдан әкелінеді делінген 55 зауытты ел аумағына кіргізбеуді және президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытайға ресми сапармен бармауға шақырған. Тоқаев қыркүйек айының 11-12-і күндері аралығында Қытайға барады деп күтілуде.