Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, азық-түлік бағасы бір жылдық салыстырмалы есеп бойынша  9%-ға өскен.

Былтырғы тамыз айындағы көрсеткіштерге қарағанда биылғы цифрларда едәуір қымбатшылық байқалады.  Нан өнімдері және жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай, көкөністер, қант, кондитерлік өнімдер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады, ал жаңа жиналған жемістер науқанға байланысты шамалы арзандады.

Жарма өнімдері тобында бағаның әр бағытта өзгеруі белгіленген. 2019 жылғы тамызда күрішке орташа баға 374 теңгені, 2018 жылғы тамыздағы килограмына 306 теңгені құраған. Құмшекердің орташа бағасы 2019 жылғы тамызда килограмы 233 теңгеге жетсе, былтырғы тамызда 223 теңге болған.

2019 жылғы тамызда ет және ет өнімдерінен сиыр етінің жауырын-төс бөлігіне орташа баға килограмына 1713 теңгені (2018 жылғы тамызда – 1506 теңге), сүйегі бар қой етіне – 1648 теңгені (1433 теңге), сүйегі бар жылқы етіне – 1933 теңгені (1695 теңге), шошқа етінің жауырын бөлігіне – 1416 теңгені (1281 теңге), шала ысталған шұжыққа – 2109 теңгені (1928 теңге), тауықтың сан етіне – 812 теңгені (663 теңге) құрады.

Тәуелсіз сарапшылар мен ел азаматтарының айтуынша, азық-түліктің ресми деректерден әлдеқайда жоғары бағада сатылуда. Өткен аптада Үкімет ең маңызды активті тауарлар мен негізгі азық-түлік түрлерінің орынсыз қымбаттамауын бақылау жөнінде міндеттеме алған еді. Бірақ шынтуайтына келгенде, күнделікті өмірде дүкен сөрелеріндегі тауарлардың бағасы біршама өскен. Экономист мамандар мұны «дәстүрлі» түрде көздің тамшысындай етіп өсірілетін жалақы үрдісі мен бетімен кеткен кәсіпкерлердің  бақылаусыз болуымен байланыстырады.

Қымбатшылық бүйірден қысқан қазақстандықтар, соның ішінде әлеуметтік осал топтарға қандайда бір қолдау шаралары қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Жылма-жыл негізсіз қымбаттайтын кейбір тауарлар отбасылық бюджетке, жатақхана-пәтерде тұратын студенттерге салмақ салып отыр. Бір айдың ішінде доллар теңгеге шаққанда 390-ға екі рет көтеріліп, құлады. Тоқаев уәде еткендей Тамыз кеңесіндегі педагогтардың еңбекақысын алдағы төрт жылда екі есе арттырамыз дегені  мына қарқынмен 2023 жылы бүгінгідей де құны болмауы мүмкін деген қауіп бар.

2019 жылғы тамыздағы азық-түлік тауарларының жекелеген түрлеріне орташа бағалар

                                                                                                                                         килограмм теңгемен

 

Қазақстан Республикасы бойынша
Баға
Қалада тіркелген
2018 жылғы тамыз
2019 жылғы тамыз
ең төмен
ең жоғары
ең төмен баға
ең жоғары баға

Бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан

125 140 116 171 Тараз Ақтау
Сүзбе 1 555 1 551 1 147 2 126 Петропавл

Атырау

Қаймақ

1 030 1 065 799 1 351 Талдықорган Алматы

Мәйекті ірімшік

2 412 2 685 2 077 3 450 Шымкент

Нұр-Сұлтан

Айран

278 286 226 357 Талдықорган Нұр-Сұлтан
Пастерленген сүт 218 243 182 264 Тараз

Алматы

Тұздалмаған сары май 2 026 2 220 1 812 3 540 Павлодар

Ақтау

Күнбағыс майы, литр

405 434 380 488 Қарағанды Ақтау
Жұмыртқа, ондық 222 248 190 323 Қарағанды, Петропавл

Алматы

Тұз

51 53 40 59 Ақтөбе, Орал Алматы, Нұр-Сұлтан
Картоп 101 111 79 151 Павлодар

Ақтау

Ақ қауанды қырыққабат

89 100 70 137 Қарағанды Нұр-Сұлтан
Басты пияз 90 129 110 150 Актөбе

Ақтау

Сәбіз

154 147 115 179 Павлодар Нұр-Сұлтан
Алма 430 378 290 521 Шымкент

Ақтау

Банан 455 547 473 620 Ақтөбе

Ақтау

Ескерту: Тамақ өнімдерінің бағасын тіркеу меншіктің барлық нысанындағы сауда кәсіпорындарының іріктеме желісі бойынша және Қазақстанның ірі қалаларындағы қалалық базарларда жүзеге асырылады. Республика бойынша орташа баға деңгейі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалалары, облыс орталықтары және аудандардың іріктелген шеңберінің баға деңгейінен салмақталған шамасы ретінде анықталады.

"The Qazaq Times"