АҚШ пен Талибан қозғалысы Ауғанстан үкіметін қайырып тастап, бірнеше рет келіссөз жүргізген болатын. Соңғы келіссөзде тараптар бірқатар шарттарға келісім берісті. Келісім бойынша АҚШ ауған жеріндегі 5400 әскерін 20 аптаның ішінде шығарып кетуі керек.
Келісімді АҚШ-тың Ауғанстандағы арнайы өкілі Залмай Хализад жүргізуде. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қабылдағаны туралы хабарлар тарады. Енді АҚШ президенті Трамптың алдынан бір өтуі керек.
Алайда, АҚШ пен ауғандық тәліптер арасында бейбітшілік келісімі болып жатқан тұста Кабулда жойқын жарылыс болып, ондаған адам жарақат алып, бес адам қаза тапты. Тәліптер шетелдік қарулы күштерге шабуыл ұйымдастырғанын растады. Жарылыс та Кабулдағы шетелдіктер тұратын ауданда болған.
Ауған мәселесін бақылап отырған сарапшылар бұған дейін де бейбітшілік келісімдеріне қарамастан тәліптердің террорлық шабуылдары толастамайтынын айтып келген. Келіссөз кезіндегі кезекті жарылыс бұған дәлел болғандай.
Тәліптер 2001 жылдар бері Ауғанстандағы ең аумақты өңірді өз бақылауында ұстап келеді. Олар Ауғанстан үкіметін АҚШ-тың қуыршағы ретінде қарайды және олармен келіссөз жүргізуден бас тартқан. 2001 жылдар бері АҚШ әскерлері Ауғанстанда соғысып келсе де 18 жыл ішінде Талибан территориясы кеңеймесе кеміген жоқ.
Қол жеткізген келісімге сай Талибан Ауғанстан территориясы «әл-Каида» сынды террорлық топтарды кіргізбейді; АҚШ барлық әскери күштерін елден шығарып кетеді. «Келісімге қол қойысымен біз 5 әскери базаны жауып, 135 күн ішінде елден шығып кетеміз», – деп мәлімдеген АҚШ өкілі.
Ауғанстан президенті келісім туралы әлі де ресми мәлімдеме жасамады. Ол келісімді мұқият қарап шыққаннан кейін ғана пікір білдірмек. Оның ойынша тәліптер келісімді сақтаған емес, сақтамайды да. Бірақ, неге екені белгісіз, АҚШ қандай да бір қонымды сылтауменен ауған жерінен шығып кетуге асығуда.