АҚШ президенті Дональд Трамп Иран президенті Хасан Руханимен кездесуге дайын екенін білдірді. Ал, бұдан екі күн бұрын Францияда өткен "Үлкен жетілік" саммитының қорытынды отырысы кезінде Иран СІМ басшысы Жавад Зариф та болған еді. Саммит алдында Зариф Франция президенті Эммануэль Макронмен де кездескені мәлім болған. Франция президенті АҚШ пен Иран арасында ара ағайын болуға ниетті.
АҚШ президент Трамп кезінде 2015 жылы Иран мен алты ядролық қаруға ие елдер арасында жасасқан келісімнен бір тарапты шығып кетті. Ол аталған келісімді Иранның ядролық бағдарламасын шектей алмайтын, "ең нашар келісім" деп бағалаған еді. Бұған қоса Трамп Иранды жаңа келісімге келуге көндірмек болды. Теһран бұған қатаң жауап қайтарды. Екі ел арасындағы қайшылық асқынып, Парсы шығанағында қақтығыс қаупі арта түсті.
Ал, қазір АҚШ президенті Иранмен жаңа келісім жасасудың мүмкіндігі бар екенін мәлімдеп отыр. "Иран мен екі жарым жыл бұрын президент ретінде жұмысқа кіріскен кездегіден өзгерді. Менше Иран қалыпты елге айнала алады. Бірақ, олар ядролық құралға қол жеткізу туралы бағдарламасын тоқтатуы керек", – деді Трамп. Бұдан сәл бұрын Иран президенті Хасан Рухани да елінің мүддесін қорғау мақсатында әлемдегі кез-келген елдің лидерімен келіссөзге бара алатынын айтқан болатын. Алайда, Трамп "барлық ережелер толық сақталған кезде ғана келіссөз басталады" деген ескертуін де үстеп қойды.
Ушыққан АҚШ-Иран қайшылығында келіссөздің сәулесі жылт еткендей болды. Олай болса бұл келіссөзде тараптар неге қол жеткізуі мүмкін? Соны бір сараптап көрелік. Ең әуелі Уашингтон талабы салмақты екенін айтайық. Трамп жаңа келісімде ядролық бағдарламадан бас тарту, баллистикалық зымыран бағдарламаларын тоқтату және осының бәрі мерзімдік емес, бір жола шектелуі керек деген талаптарын ортаға салып отыр.
Теһранның бұндай талапқа келісім беру-бермеуін қазір тап басып айтып беру қиын. Бірақ, Теһран өзінің баллистикалық зымыран бағдарламаларын тоқтатпайтынын бұған дейін де айтып келген. Оның үстіне Иран үшін Трамптың талаптары салмақты тиеді. Бірақ, ара ағайын болғысы келіп отырған Франция тарабы Иран баллистикалық зымыран бағдарламаларынан бас тартатын болса, бағдарлама шығынын төлеп беруге кепілдік беретінін де байқатты.