Apple компаниясы қазақстандық «қауіпсіздік сертификатына» қарсы шара қолданды.
Тамыз айының 21-і күні АҚШ компаниясы таратқан мәлімет бойынша, Apple өзінің Safari браузерінде «қауіпсіздік сертификатынан» қорғайтын арнайы шаралар қабылдаған. Атап айтқанда компания қазақстандық Qaznet Trust Network өнімін сенімді сертификаттар тізімінен алып тастаған.
Бұған дейін Google мен Mozilla компаниялары да өздерінің Chrome және Firefox браузерлерінде Қазақстан билігі сынақтан өткізген «қауіпсіздік сертификатына» қарсы шаралар қолданғанын мәлімдеген. Олар өздерінің бұл шешімдерін «қолданушылардың жеке деректерін өзгелерден қорғау және онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деп түсіндірген.
Шілде айында қазақстандықтар ұялы байланыс операторларынан «қауіпсіздік сертификатын орнату» жөнінде хаттар ала бастаған. Билік оны «кибершабуыл мен заңсыз контентке қарсы құрал» деп түсіндірген. Тамыз айының 7-і күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзінің тапсырмасы бойынша «қауіпсіздік сертификатын» сынақтан өткізгендігін айтып, Twitter парақшасында мәлімдеме жасады.