Бұдан бірнеше апта бұрын Америка Құрама Штаттары "Қырғи-қабақ соғыс" кезінде Мәскеумен қол қойысқан орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды шектеу туралы келісімнен шығып кеткен болатын. Сондай-ақ, өткен аптаның соңында аталған келісімнен шыққаннан кейінгі алғашқы зымыран сынағын өткізді. Жаңа қанатты зымыран 500 шақырымдағы көздеулі нысанаға дәл тиіп, сынақ сәтті аяқталғаны туралы хабарланған. Осыған байланысты Ресей мен Қытай кеше қатарынан мәлімдеме жасап, АҚШ-тың зымыран сынағы жаңа қару-жарақ жарысына итермелейді деп айыптады.
Францияда сапарда жүрген Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың жаңа зымыран сынағы туралы ресми мәлімдемесі жарияланудан бұрын жасаған пікірінде: "Егер АҚШ орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарын орналастырса, Ресейде осыған ұқсас жауап қайтарады", – деген болатын.
Қытай Сыртқы істер министрлігі кешегі мәлімдемесінде АҚШ-тың аталмыш зымыран сынағына қатаң сөгіс жариялады. Қытай үкіметінің мәлімдемесінде АҚШ-тың құрлықтан атылатын орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды шектеу туралы келісімнен бас тартқанына 3 апта ғана уақыт өте салып жаңа зымыран сынағын жасағанын алға тартты. "Бұл АҚШ-тың келісімнен не себепті бас тартқанын анық көрсетіп бере алады. Бұл Құрама Штаттың өзіне еркіндік беру, озық зымырандарды дайындауға мүмкіндік алып, біржақты әскери артықшылыққа ұмтылу екенін анық дәлелдейді", – деген Қытай СІМ мәлімдемешісі Гың Шуаң.
Бұдан бұрын АҚШ зымырандарды шектеу туралы келісімді жаңартуды және оған Қытайдың да қол қоюын талап етіп келен еді. Ресей келісімнің жаңартылуын қаламады, ал Қытай өткен ғасырда өзі кірістірілмеген келісімге бас сұққысы келмеді. Бейжің билігі АҚШ-тың аталмыш келісімнен шығып кеткенін айыптағанымен, өзі де бұндай келісімге қатысу ниетінің жоқ екенін білдіріп келген.
Дей тұрғанмен, АҚШ-тың жаңа қанатты зымыран сынағы оның Еуразиядағы бәсекелестеріне белгілі деңгейде қысым түсіргені анық. Бұл ситуацияның, шамалауымызша, екі түрлі даму бағыты бар деуге болады. Оның біріншісі оң әсерін күту, яғни, АҚШ-тың жаңа сынағы Ресей мен Қытайды жаңа келісімге көндіріп, 500 бен 5500 шақырым аралыққа ұшып баруға қаблетті зымырандарға шектеу қоюдың жаңа шарты жасалуы мүмкін. Ал, екінші болжам қорқыныш ұялатады. Себебі, АҚШ сынағынан кейін онсызда қару-жарақ дамытуға бұлтартпас себеп таба алмай отырған әскери державалар қару жарысын бастап кетуі де мүмкін. Сонымен өткен ғасырдағы "Қырғи-қабақ соғысы" (Орысшадан тікелей аудармасы бойынша "Суық соғыс") қайталанып, державалар арасында "қызыл шұнақ жарыс" басталуы бек мүмкін. Бұл "Үшінші дүниежүзілік соғыс" қаупін жақындатып, әлемнің бейбітшілігі мен тұрақтылығына қауіп төндірмек.