Индонезияның орталық қаласы Жакарта (Джакарта) тез қарқынмен суға шөгіп бара жатқан қалалардың бірі. Мәліметтерге қарағанда қаланы су басу қарқыны осы қалпын сақтаса 2050 жылға барғанда Жакартаның басым бөлегі су астында қалмақ. Осыған байланысты Индонезия президенті Жоко Видодо ел парламентіне ұсыныс жасап, ел астанасын Жакартадан Борнео аралына көшіруді сұрады.
Индонезияның ақпарат құралдары Борнео аралындағы Палангкарайя қаласы ел орталығы болуы мүмкін екенін айтып жатыр. Қаланың су астында қалуынан тыс өзге де себептер Жакартадан ел орталығын алып кету мәселесін көтерткен. Соның бірі – көлік кептелісі. 2016 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес Жакарта әлемдегі көлік кептелісі ең көп болатын қала болып саналған. Ресми мәліметтерге сенсек, көлік кептелісін ретке салу үшін ел үкіметі жылына 6,8 млрд АҚШ долларын жұмсайды екен.
Жакарта Жава теңізінің жағасындағы сазда орналасқан қала. Бір қаланың өзінен 13 дария ағып өтіп теңізге құяды. Осыған қарап Жакартадағы су тасқындарына таңқалуға болмайтынын білеміз. Бірақ, қаланы су басуға су тасқыны емес, қаланың сазға батып бара жатқаны себеп болып отыр. Зерттеушілер жағдайдың шұғыл қиындап кетуі де мүмкін дейді. Яғни, қала қысқа ғана уақытта су астында қалуы да ғажап емес.
Соңғы 10 жыл ішінде қаланың оңтүстігі 2,5 метр шамасында суға шөге түскен. Қалаға жақын кейбір аймақтар бұдан да тез қарқынмен су астына батып барады.
Санаулы елдер болмаса, көптеген елдің орталық қаласы ел территориясының орталық бөлегіне орналасқан. Индонезия да кейбір аймақтардың автономия талап етіп, дербестікке ұмтылуына қарсы Борнео аралын көзде ұстап отыр. Ел астанасын көшіру тәжрибелері әлем елдерінде жоқ емес. Орталық қаласын көшіру тәжрибесі бар елдер қатарында Қазақстанды да қосуға болады.