Бұл кеңес бұрынғыдан өзгерек... Өзгешеліктің басты параметрі – су жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның нөкерлері әрі 16-шы Білім министрі Асхат Аймағамбетовтың қатысуы. 9 маусым Сайлауда ел президенті боп сайланған Тоқаев сол айдың 13-і күні бас мұғалім ретінде Аймағамбетовты тағайындау жарлығын шығарған болатын. Бұл жолғы алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген 2000-нан аса мұғалім қатысты.

Бүгін Үкімет апасы тойдан келген баладай «тапсырма сарқытқа» қарқ болды.

Жылдағы дәстүр бойынша жаңа оқу жылы қарсаңындағы Тамыз кеңесі Тәуелсіздік сарайында өтті.

 

Ана тілі туралы афоризмі бар Тоқаев баяндамасының тек 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде

«Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» – дейді академик Ахмет Жұбанов. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс» деп шегелей айтқан Қазақстан президенті баяндамасының 29,4%-ы ғана мемлекеттік тілде жазылған. Тәуелсіздік сарайында оқылған көлемді мәлімдемедегі 2414 сөздің (баяндама атауын қоспағандағы)  тек 711-і ғана қазақ тілінде. 3/1-іне де жетпейтін бөлігі мемлекеттік тілде жариялаған баяндамасында Тоқаев ағылшын тілін оқытуды «2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді» екенін айтты. Президент халықтың ана тілі – білімнің кілті екендігі туралы дәйексөзді келтіре отырып, жоғары сыныптардағы жаратылыстану-техникалық пәндерді ағылшын тілінде өткізуді мектептердің дайындығына қарай жүргізу қажет екенін мәлімдеді. Баяндаманың толық нұсқасын Ақорда бастап, бірқатар БАҚ жариялап, әлеуметтік желі қолданушылары мен президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли бөліскен. Көпқырлы баяндамада әр түрлі күрделі мәселелер көтерілген. Кеңес барысында Білім министрі де өткір пікірлерін жариялады.

Ел басшысы өз сөзінде Абайдан, әл-Фараби, А.Байтұрсынов, Мағжанның «Педагогика» еңбегінен, А.Жұбановтан, В.Сухомлинскийлерден бір-бірден афоризм келтірсе, халық фольклорынан 2 мәрте нақыл сөз қолданған. Сондай-ақ экс-президент Н.Назарбаевтың есімін үш жерде атап, бір рет сөзін мысалға келтірген.

Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында мінберде. 16 тамыз 2019 жыл. Ел астанасы. Фото: tengrinews.kz, © Тұрар Қазанғапов

Сонда ұстаздар өз қаражатымен келіп, қатысқаны ма?

 Бір қызығы, президентпен өтетін алқалы кеңеске сарапшылық өреде айтары бар, кейбір белсенді ұстаздар шараға тақағанда, ешбір іс-сапарлық шығындарды қолдаусыз кештетіп шақырылған. Мысалы, ұзақ жылдар бойы білім беру саласына қатысты өткір ойлары мен кәсіби ұсыныстарын ашық жариялап жүрген ұстаз, ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, Журналистер Одағының мүшесі, тарихшы Өмір Шыныбекұлына өткен апта шақыру келгенімен, жол мен жатын жай туралы ешбір ақпарат көрсетілмеген. Демек министрліктің айтулы шарасына қатысқан 2000-нан астам педагог өз қалтасынан қаражат жұмсап барғаны ма? Қалыптасқан жағдайға байланысты заңды сауал туады.

2023 жылға қарай бүгінгіден екі есе жалақы...

Мемлекет басшысы алдағы 4 жыл көлемінде педагогтардың жалақысы 2 есеге өсетінін мәлімдеді. Мұғалімдердің еңбекақысы базалық лауазымдық жалақы арқылы есептелуіне байланысты елдегі 500 мың ұстаз айлығының елеулі мөлшерде өскенін сезіне алмай отырғандығы айтылды. Және ең бастысы президент ұстаздардың табысына қатысты қазіргі төлемге көңілі толмайтынын жеткізді. «Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын», – деді сайланғанына 69 күн болған Президент.

Десек те экономист сарапшылардың пайымдауынша, аталған «сүйінші» хабардың 2023 жылға қарай бүгінгі  құнынан парқы болмайды. Әлеуметтік желі қолданушы, белсенді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев фейсбук парақшасында «алдағы 4 жылда инфляция қаншаға өседі, баға қаншаға қымбаттайды?» деген сауал тастай отырып, «осының бәрін ескерсек екі есеге өскен айлық 2023 жылы құны жағынан қазіргі айлықпен тең болуы мүмкін» деген болжамымен алаңдаушылығын білдірді. Расында да, қаңтар-шілде сайын тиын тамып «өскендей» болып, өркен жая алмайтын қазақстандықтардың жалақысы шиеленісті мәселе. Өткен онжылдық практика көрсеткендей жыл жаңарып «мынанша пайыз қосылады» дей бергенде бар қызмет-тауардың бағасы еш негізсіз шарықтап қоя береді. Министр мен мұғалімнің жалақысын қоса есептегенде орташа жалақысы 186,5 мың теңгені құрайтын дерек қаншалықты реалға жақын, әркімнің өз іші біледі. Біздіңше, көпшілік те азаматтың «Менің жеке пікірім 2020 жылдан бастап екі есе өседі десе сүйінші сұрауға болушы еді» деген ойымен бірге.

Ел басшысы бүй деді..

***

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысқа тартатын әкімдер мен мекеме басшылықтарын сынады. Сонымен қоса «Педагог жүктемесін қысқартатын, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салатын шектеу қою, шектен тыс есептілік пен негізсіз тексерулерді шектеу дербес қаралады», –  деп уәде берді.

«Жергілікті әкімдер қызметін асыра пайдаланып, мұғалімдерді білім жүйесіне қатысы жоқ әкімшілік істерге, бір реттік шараларға тартады. Бұл әрекет тоқтар емес», –  деген Тоқаев жиында мұғалімдерге артылатын жүк ауырлағанын, басшылық тарапынан қысымға ұшырайтынын айтты. Айтты да Үкіметті осы мәселені дереу шешуге міндеттеді.

***

Қазір елімізде жалпы орта білім беретін нақты  7 014  мектеп бар. Тоқаев оның 128-і үшауысымды әрі  31-і апаттық жағдайда екенін мәлімдеді.

«2019-2020 жылдары үшауысымды мектептерге тапшылықты жою мақсатында 35, ал апаттық жағдайдағы оқу орындарының орнына 7 мектеп республикалық бюджет есебінен құрылысы жүріп жатыр», – деді президент.

Демографиялық үрдістер мен тұрғындардың орналасуына байланысты мектеп құрылыстары салына беретінін айтқан ел басшысының мәліметіне қарағанда, Тәуелсіздік жылдары ішінде ел бойынша 1198 мектеп салынған.

***

Мемлекет басшысы «Мемлекет сапалы білім берудің қолжетімділігі бойынша ата-аналарға көмектесуі керек. Үкімет білім беру саласына өз қызметінің басым бағыты ретінде қарауы керек. Дамыған елдердің бәрінде осылай. Бірнеше мемлекетте білім министрі министрлер рейтингінде қаржы министрінен кейін алдыңғы үштікте тұратынын білемін. Біз де оған жетеміз деп ойлаймын», –  деп, ресурстарын үнемдеуге мәжбүр отбасылық институтқа білім алуды жеңілдетуге болысу – Үкімет қызметінің басым бағдары болуы керектігін қадап айтты.

Сондай-ақ президент қыр астында тұрған жасанды интеллект дәуірін бастан кешіруге, зияткерлік жаңалықтар тудыруға қауқарлы әрі дайын болу қажеттілігі жайлы ой қозғады.

***

«Ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысын жетілдіру және толықтай алғанда ғылымды қаржыландыру ашықтығын қамтамасыз ету қажет».  Осылай деген ел басшысы осы уақытқа дейін мөлдір түгілі бұлыңғыр ғылыми өтінімдерді қабылдау механизмінің жабықтығы мен «Ғылыми ортада қаржыландыру жүйесіне сенімсіздік, сонымен қатар егде және жас ғалымдар арасында белгілі бір жіктелу байқалатынын» ашып айтты. Осы себептерді кешенді түрде зерделей отырып, Үкіметке  Ғылымды институттық дамыту тұжырымдасын әзірлеуге тапсырма берді.

***

Ахаңның (А.Байтұрсынұлы – авт.) «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген нақылын тілге тиек еткен Тоқаев «Барлық мақсат-міндеттер Үкімет әзірлеп жатқан «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында» толық қамтылуы тиіс», – деді. Және аталмыш бағдарлама ашық қоғам талқысына түсіп, елмен кеңесіп, сүзгіден өтетіні белгілі болды.

***

Мемлекет басшысы жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеміз деп жүріп оның девальвациялануына жол беріп алмау қажеттігін ескертті. «Оқу процесінің сапасын көтермей білім гранттарын кезең-кезеңімен ұлғайту игіліктен біртіндеп іске қосылатын «минаға» айналып кетуі мүмкін», – деп алаңдаушылық білдірген президент мамандық таңдауда еңбек нарығына талдау жасауды ұсынады.

«Үкімет мемлекеттік гранттардың бағасы мен олардың қазіргі шынайы өмірге сәйкестігі мәселесін тыңғылықты зерделеуі қажет. БжҒМ жоғары оқу орындарына қоятын талаптары мен нормативтерін қайта қарауы керек. Мәселен, ЖОО-ның оқытушыларына студенттер санының арақатынасына қатысты талап салдарынан штаттар жасанды ұлғайтылуға мәжбүр», –  деді Қ.Тоқаев.

***

Президент пәрменімен Үкіметке мектепте 12 жылдық оқудың «ойластырылған әрі орнықты» моделін дайындау тапсырылды. «2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында ойластырылған әрі орнықты» ауысым деген сөзді ерекше атап отырмын», – деп екпіндетіп сөйледі. Сондай-ақ, 60-қа жуық әлем елдерінде баланың 6 жастан бастап мектепке баратынын қалыпты жайт екенін айтқан Тоқаев бұл «баланы ертерек интеллектуалдық дамуға, әлеуметке бейімделуіне ықпал етеді» дейді.

Білім министрі сөй деді...

***

Республиканың бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов 2021 жылы «Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі бойынша қайта енгізілетінін мәлімдеді.

Аймағамбетов министрліктің әртүрлі олқылықтарға толы ұсыныстардан бас тартқанын айтып, «Әліппе – тәжірибе жасайтын алаң емес. Бізде баяғыдан – нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз.Ол – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан, ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеменің негізінде жұмыс жүргізетін боламыз», – деді.

***

Әдеттегідей ҰБТ тұсында небір айла-шарғылар қызып, қызыл матрицаны қулығын асырғандар толтырып шығатын, ел «ұлы біркүндік төңкеріс» деп атап кеткен байқау туралы. Осы олқылықтардың жолын кесу мақсатында енді ҰБТ трансформацияланып, электронды түрге сатылай ауысатын болады. Бұл туралы Білім министрі «біз Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отырмыз. Мұндай ойымыз бар. Бізге ҰБТ гранттарды бөлудің ашықтығы мен әділдігіне кепіл беруі қажет», – деді.

***

Қазақстан ғылымына байланысты ғалымдардың еңбектері енді шетелдік база көлемінде антиплагиаттық сүзгіден өтетін болады. «Бүгінгі таңда біз диссертация қорғаған кезде ғылыми материал тек қазақстандық база бойынша антиплагиаттан (яғни, қазақстандық ғалымдар қорғаған жұмыстар бойынша) өтеді. Сондықтан, ғылыми жұмыстар тек қазақстандық база бойынша ғана емес, шетелдік мәліметтер базасы бойынша тексерілетіндей тиісті ережелерге қосымша өзгерістер енгізіледі», – деген Асхат Аймағамбетов, бұл шаралардың отандық  ғылым сапасын арттыруға септігін тигізеді деп сенетінін мәлімдеді.

***

Қазіргі таңда оқушыға  ЖОО-лар мен колледждер оқушыларға тек 11 сыныпта таңдау пәнін айқындап болған соң, қысқа немесе көктемге таяу келіп, өз бағдарламаларын ұсынады, ашық есік күндерін өткізеді. Оқу орнын жарнамалайды. Өкінішке орай, бұл кез – өте кеш.

Осыған қатысты Аймағамбетовтың пікірінше, оқушы қай мамандықты таңдайтынын 7-ші сыныптың өзінде айқындай бастауы керек.

Министр мамандықты айқындау жұмысы жүйеге түсу қажеттігін айтып, «Жаңа оқу жылында 200 мыңға жуық бала ерте профилизацияға өтеді. Мамандықты айқындау жетінші сыныптан басталуы керек. Яғни, алдын ала профдиагностика жүргізіліп, қажетті шаралар қабылдануы тиіс» екенін жариялады. Оның айтуынша бұл туралы БжҒМ-нің өзіндік нақты жоспары бар.

***

«Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр болады. Кейде ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан, олимпиадалар бойынша Министрліктің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей көп әрі форматта ақылы олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ, бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент болады», – деген министр сөзін қолдамасқа шара жоқ. Жарна төлегендердің өзіне жаппай таратылатын бір жапырақ мақтау қағазы үшін псевдоолимпиадалық онлайн байқауларға сабақтан қиылып тұрып сұрану – жақсы іс емес екені сөзсіз.

Вице-министр «қабылдаймыз» деді...

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Министрлікке 2020 жылдың 1 қаңтарынан бұрын қабылдануы тиіс «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасын 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізуді тапсырды. Оның айтуынша «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы еліміздің барлық аймағында талқылаудан өткен.

Сонымен қатар, вице-премьер білімнің мен ғылымды қатар дамыту мақсатында президент атаған мемлекеттік бағдарламаның толық жоспары жыл соңына қарай жасалып, қабылдануы тиіс екенін айтты. Жоғарыда Тоқаев 2025 жылға дейінгі «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» дайындауды тапсырғанын еске саламыз.

Тоқаев қолынан медаль таққандар

«Біздің арамызда еліміздің білім беру саласын дамытуға айрықша үлес қосқан мектеп мұғалімдері отыр. Өз ісін адал атқарып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттағым келеді», – деген  президент марапттау рәсімінде біршоғыр ұстаздар қауымына өз қолымен мемлекеттік сыйлықтар табыстады. Олар:

«Құрмет» ордені – Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебі физика пәнінің мұғалімі Анатолий Белида;

«Ерен еңбегі үшін» медалі – Алматы облысы, Іле ауданы, М.Мақатаев атындағы №13 жалпы орта білім беру мектебі тарих пәнінің мұғалімі Гүлнәр Кәзербаева;

Түркістан облысы, Кентау қаласы Ахмад Югнаки атындағы жалпы орта білім беру мектебі математика пәні мұғалімі Дәнегүл Қуатбек;

«Шапағат» медалі – Орал қаласының Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлзихан Тасқарина;

Қарағанды қаласының Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты математика пәнінің мұғалімі Екатерина Непрук марапатталды.

Биылғы жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңа жаңа Бас мұғалім Асхат Аймағамбетов қатысып отырған Тамыз кеңесі. 16 тамыз 2019 жыл. Фото: ҚазАқпарат

"The Qazaq Times"