Солтүстік Корея үкіметі сәрсенбі күні елдегі ресми ақпарат құралдары арқылы мәлімдеме таратып, АҚШ-ты Оңтүстік Корея жерінде жаңа орта қашықтықтағы зымырандарды орнатуға әрекет етіп отыр деп білдірді. КХДР тарабы АҚШ-тың бұл әрекетін "жаңа суық соғыстың басталуын" білдіреді және аймақтағы қарулы қақтығыс қаупін күшейтеді деп қарайды. 

Естеріңізде болса, АҚШ Қорғаныс министрлігі тамыздың бас шенінде, орта қашықтықтағы зымырандарды Азияға орналастыру туралы шешімді жақтап, мәлімдеме таратқан еді. Бұған дейін Құрама Штат тарабы Ресеймен қол қойған орта-жақын қашықтықтағы зымырандар туралы шарттан бас тартқан болатын.

"АҚШ Азия елдерінде құрлықтан атылатын орта қашықтықтағы зымырандарды орнатуға әрекет етуде. Олардың көздеп отырған елі – Оңтүстік Корея", – деп мәлімдеген Солтүстік Кореяның ресми басылымдары. Сондай-ақ: "Оңтүстік Кореяда жаңа қарулардың орналасуы Қиыр Шығыста "Жаңа Суық соғыс" қаупін күшейтіп, өңірде қару-жарақ жасау жарысын өршітеді", – деп бағалаған.

Ал, Оңтүстік Корея қорғаныс лауазымдылары Корея мен АҚШ арасында мұндай мәселе туралы талқылаулардың болмағанын айтты. АҚШ-тың көптеген лауазымдылары орта қашықтықтағы зымырандарды орналастыру операцияларының ұзақ жылға жалғасатынын алға тартуда.

Алайда, Солтүстік Кореяның кезекті мәлімдемесі Корей түбегі қайшылығының қайтадан күрделілене түскенін аңғартты. Пиоңяң тарабы Сеулдің америкалық "Сад" зымыран қорғаныс жүйесін жетілдіру туралы әрекеттерін де сынға алды. Қорғаныс жүйесі Оңтүстік Кореяны қорғаудан бұрын, оған еселенген қатерлерді алып келеді деп ескерту жасаған.

Соңғы кездері Солтүстік Корея АҚШ-тың кейбір әрекеттеріне және АҚШ-Оңтүстік Корея бірлескен әскери оқу-жаттығуларына қарсы наразылық ретінде зымыран сынақтарын өткізген болатын. Бір мезгіл келіссөзге қарай ұмтылған Солтүстік Корея, Корей түбегі тақырыптары соңғы кездері қайтадан қарсылық пен қайшылыққа қарай бет бұрып барады.

“The Qazaq Times”