Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа тағы бірнеше айыптар тағылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Орозбек Опумбаев бұрынғы президент оны ұстау операциясы кезінде қорғану үшін әдейі жергілікті тұрғындарды пайдаланды және мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп мәлімдеді.
Опумбаев арнайы операция кезінде ауыр жарақат салдарынан қаза болған сарбазға Атамбаев резиденциясындағы мылтықтан оқ атылғанын айтты. «Жауынгерге Атамбаевтың үйінде болған қарудан оқ атылды. Оның үйінен көптеген қарулар, соның ішінде СВД винтовкасы табылды. Операция кезінде ол алты рет оқ атқанын мойындады», – дейді ҰҚК басшысы.
Опумбаевтың айтуынша, күштік құрылым қызметкерлері Атамбаевты ұстау кезінде қару қолдануға құқылы болған. «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері Атамбаевты ұстау кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында бұрынғы президенттің жақтастарына қарсы қару қолдана алады. Бірақ олар бейбіт тұрғындар зардап шекпеу үшін мұндай әрекетке барған жоқ. Біздің жауынгерлеріміз бұл тапсырманы орындады, бұл батырлық іс», – деді ол.
Бас прокурор Откурбек Жамшитов: «Бүгін Атамбаевқа тәртіпсіздік ұйымдастыру, заңсыз қару айналымы, тергеуге кедергі келтіру, адамдарды кепілге алу, адам өлтіру, адам өлтіруге талпыныс жасау сияқты жеті қылмыстық айып тағылды», – деп хабарлады.
7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясында экс-президентті ұстау бойынша арнайы операция бастаған. Ол Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген болатын. Операция кезінде тараптар бір-біріне резеңке оқ атып, салдарынан арнайы жасақ өкілі қаза тапты. 45 адам ауруханаға түсті. Бірінші операция нәтижесіз аяқталған соң, 8 тамыз түстен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы екінші оперцияны бастаған. Кейіннен бұрынғы президент құқық қорғау оргнадарына өз еркімен берілді.
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Жоғары Кеңесте құрылған арнайы комиссия экс-президент Алмазбек Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағылды.
Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті лауазымын атқарды. Ол мерзімнен кейін өз еркімен қызметтен кеткен алғашқы басшы.