Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев құқық қорғау органдарына өз еркімен берілді. Әскерилер оны Қой-Таштағы резиденциясын қоршауға алғаннан кейін ұстаған. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі хабарлады.

Қазіргі уақытта Атамбаевтан Бішкекте орналасқан Ішкі істер министрлігінің тергеу қызметіде жауап алып жатыр. Бұрынғы президенттің жанында жақтастары Кундуз Жолдубаева мен Фарид Ниязов бар.

7 тамызда Қырғызстанның арнайы жасағы Атамбаевты ұстау бойынша арнайы операция бастаған. Ол Атамбаевтың Қой-Таш ауылындағы үйінде жүргізілген болатын. Операция кезінде тараптар бір-біріне резеңке оқ атып, салдарынан арнайы жасақ өкілі қаза тапты. 45 адам ауруханаға түсті. Осыдан кейін бұрынғы президент оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады. Экс-президенттің үндеуі өз бақылауындағы «Апрель» телеарнасында көрсетілді. Ресми үндеуде Атамбаев әскерилерді өз халқына оқ атпауға шақырды және атыстан кінәсіз адамдардың зардап шегуіне байланысты өкініш білдіріп, қазіргі биліктің қатыгездігі таңқалдыратынын айтты. Сондай-ақ үндеу барысында өзін тұтқындауға жол бермей, аман алып қалған адамдарға алғыс айтты.

Бірінші операция нәтижесіз аяқталған соң, 8 тамыз түстен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы екінші оперцияны бастаған. Қырғызстан денсаулық министрлігі екінші рет орын алған жанжал кезінде бес адам жараланғанын хабарлады. Оның төртеуі - полицей.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Жоғары Кеңесте құрылған арнайы комиссия экс-президент Алмазбек Атамбаевқа жемқорлыққа жол берді, қызметін асыра пайдаланды сынды пункттер бойынша бес айып тағып отыр. Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің трегеу тобы жауап алу мақсатында үш рет шақырған. Дегенмен, үшеуіне де барудан бас тартқан Атамбаев Конституциялық палатаға хат жолдаған.

Айта кетейік, Алмазбек Атамбаев 2011-2017 жылдары Қырғызстан президенті лауазымын атқарды. Ол мерзімнен кейін өз еркімен қызметтен кеткен алғашқы басшы.

"The Qazaq Times"