АҚШ – Қытай арасындағы сауда соғысының салдарынан Еуропадағы қор биржаларының индексі күннен күнге азая бастаған. Сонымен қатар, ұлттық көрсеткіштегі статистика да төменгі бағаны көрсетіп тұр.
Politico басылымының мәлімдеуінше, биржа индексінде технологиялық компаниялар мен тау-кен өндірісінің акциялары да құлдыраған. Еуропадағы ең ауқымды кәсіпорындардың бірі саналатын Stoxx Europe индексі сауда кезінде 1,94%-ға түскен.
2 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар 1 қыркүйектен бастап Қытайға құны $ 300 млрд. болатын тауарларға 10% көлемінде жаңа баж салатынын мәлімдеді. Трамп Twitter парақшасында: «Қытаймен сауда келіссөздері жалғасуда және осы келіссөздер кезінде АҚШ 1 қыркүйекте Қытайдан келген қалған тауарлар мен өнімдерге $300 млрд. сомаға 10% көлемінде шағын қосымша баж салығын енгізетін болады», – деп жазды. Оның айтуынша, жаңа шешім осыған дейінгі күшіне енген құны $250 млрд. болатын тауарларға 25% көлемінде қолданыстағы бажды қамтымайды. АҚШ президенті Қытай Құрама Штаттардан ауыл шаруашылығы өнімдерін көп мөлшерде сатып алмағанын және АҚШ-та жыл сайын мыңдаған адамның қайтыс болуына әкеп соғатын фентанил опиоидты препаратын сатуды тоқтатпағанын да айтты. Ақ үй басшысы Қытаймен жан-жақты сауда келісімі бойынша диалогтардың өз жалғасын табуы мүмкін екенін айтты.
Ақ үй басшысының бұл мәлімдемесінен санаулы күндер өткенде Қытай билігі АҚШ-тан ауылшаруашылығы өнімдерін импорттаудан бас тартатынын хабарлады. Ресми Бейжің бұл қадамды Дональд Трамптың шешіміне қарсы бағытталғанын айтады. Дегенмен, Құрама Штаттың баж салығын енгізу туралы қаулысынан кейін қытайлық валюта рекордтық деңгейге дейін төмендеп кеткен. Қазіргі уақытта 1 доллар 7 ианьді құрап тұр. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, алдағы уақытта екі ел арасындағы сауда соғысы Қытай экономикасының құлдилауына әкеп соқпақ. Осы айдың өзінде смартфондар сатылымы екі есеге азайған.