Түркияның Ресейден сатып алған S-400 әуе қорғаныс жүйесінің құрылғылары түрік жеріне тоқтаусыз жеткізілуде. Жексенбі күні Түркия Қорғаныс министрлігі ресейлік қорғаныс жүйесінің бөлшектерін жеткізген 7-ші әскери тасымал ұшағының Анкараға келіп қонғанын мәлімдеген.
Түрік Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы, S-400 жүйесінің бөлшектерін жеткізген, 5-6-шы және 7-ші тасымал ұшақтары «Мүртед» әуе базасына келіп қонғанын жазған. Ресейлік әуе қорғаныс жүйесін Түркияға жеткізу жұмыстары өткен жұмада басталған болатын. Ресейлік мамандар зымыран қорғаныс жүйесін орналастыру және алғашқы сынақ жұмыстарын бастап кеткен.
Ресейлік әуе қорғаныс жүйесін сатып алу Түркия мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер еткені белгілі. АҚШ тарабы S-400 жүйесі НАТО мен АҚШ әскери әуе күштерінің жұмысына кедергі келтіреді және ұшақтар мен ұшқышсыз ұшу құрылғылары, қорғаныс зымырандарының қауіпсіздігіне қатер төндіреді деп қарайды.