Иран үкіметінің кеше жасаған мәлімдемесінде, елдегі төмен байытылған уран қоры 2015 жылы қол қойылған келісімнің жоғары шегінен асқанын жеткізген. Бұндай мәлімдемені, Иран СІМ басшысы Мұхаммед Жевад Зариф жасады.
Иран сыртқы істер министрі сол елдің ресми ақпарат агенттігіне берген мәлімдемесінде: «Иранның байытылған уран қоры 300 кг шектеуінен асты», – деген. 2015 жылғы келісім бойынша Иран 3,67 пайыздық байытылған уранды 300 кг шамасынан асырмауы керек болған.
Кеше, БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі де Иранның байытылған уран қоры келісімдегі шектен асып кеткенін растады.
Зариф сөзінде Иран 2015 жылы 6 елмен өзіне бағытталған экономикалық санкцияларды тоқтату үшін келісімге қол қойғанын, алайда Құрама Штаттар тарабы келісімнен біржақты бас тартып, санкцияларды қалпына келтіргенін алға тартқан.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху дүйсенбіде: «Иран ядролық қару өндірудің маңызды қадамын жасады», – деді және Еуроодаққа Иранға қарсы «автоматты санкциялар» енгізуді ұсынды.
Бұл жағдай Британияны да «қатты алаңдатқан». «Иранның халықаралық келісімді сақтауын, келісімдегі өзге талаптарды қатаң сақтауын үміт етеміз», – деген Британия үкіметінің ресми мәлімдемесінде.
Ресей СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков бұған қатысты мәлімдемесінде: «Бұл әрине қуанарлық жағдай емес, мәселені бұдан ары қиындатпау керек», – деді. Ол және: «Бұл шара соңғы кездегі АҚШ-тың Иранға қарсы қысымының нәтижесі», – деп бағалаған.
Құрама Штаттардың Иран туралы көзқарасы белгілі. Трамп үкіметі 2015 жылғы келісім Иранның ядролық қаруды дамыту бағдарламасына кедергі бола алмайды деп қарайды. АҚШ «Иранның ядролық қаруды дамытуына шектеу қою» мақсатында мұнай экспортына және өзгеде экономикалық салаларына санкция салып келеді.
2015 жылғы келісімнің бұзылуына байланысты Орта Шығыстағы шиеленіс барған сайын артып келеді. Бұдан екі апта бұрын Иран әскери күштері Құрама Штаттарға тиесілі ұшқышсыз ұшу құрылғысын атып түсірді. АҚШ пен Израиль Иранды Орта Шығыстағы мұнай кеніштеріне шабуыл жасауды жоспарлаған деп қарайды.
Иран АҚШ-тың дроннын атып түсіргеннен кейін, АҚШ-тың кейбір қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері Трампқа Иранға қарсы шабуыл ұйымдастыру туралы кеңес берген. Бірақ, Трамп мұндай шабуылдан кемінде 150 ирандық көз жұматынын айтып, шабуылдан соңғы сәттерде бас тартқан.