Брюссельде Еуропа елдерінің көшбасшылары кезектен тыс саммит өткізіп, одақтың басқару құрамын іріктемек.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 2 шілдеде Страсбургте қайта сайланған Еуропарламенттің алғашқы сессиясы өткізіледі. Сессия барысында заң шығарушы орган басшысы ресми түрде таныстырылады. Негізгі талапқа сәйкес, басшылық құрамында екі әйел, Батыс және Шығыс Еуропа өкілдері, жетекші партиялардың мүшелері мен либералдар болуы тиіс.
Еурокомиссияның президенті лауазымына Германия Федеративті Республикасының канцлері Ангела Меркель Манфред Вебер есімді үміткерді ұсынған. Жергілікті телеарналарға сұхбат берген Меркель: «Бізге Еуропарламентпен мақұлданған ортақ пікір маңызды. Сондықтан Еурокеңестің президенті Дональд Тусктан әртүрлі парламенттік топтармен кеңесіп алуын сұрадық. Сосын бізге өзара уағдаластық керек. Еурокеңес пен парламенттің барлық өкілімен пікіріміз бір болса, ішкі тұрақтылығымыз да бұзылмайды», – деп мәлімдеді.
Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Brexit бойынша келіссөз жүргізуші Мишель Барньені лайықты кандидат деп санайды. «Германия тарапы ұсынып отырған үміткерге қарсылығым жоқ. Алайда Ангела Меркельдің өзі үміткер болса, оған бірауыздан қолдау көрсетер ем. Себебі, оның президент болуға қарым-қабілеті жеткілікті», – дейді Макрон.