Қытай Иранның мұнай табысын қамтамасыз етуге қолдау көрсету мақсатында, АҚШ санкцияларына қарамастан Иран мұнайын сатып алуды жалғастыратынын білдірді. Бұл туралы Financial Times басылымы хабарлаған болатын.
Хабарға қарағанда, Ираннан мұнай толтырылған танкер өткен аптада Қытай портына аттанған. Бұл мамыр айында АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мұнай экспортын шектеу туралы шарасынан кейін алғаш рет Иран мұнайының сыртқа шығуы. Аталған басылымның хабарына қарағанда, Қытайдың кеден қызметі Ираннан кіретін мұнай мөлшерінің төмендегенін көрсеткенімен, Қытай Иран мұнайын сатып алуды жалғастырмақ.
Әлемнің бірқатар басылымдары Иран мен Қытай арасында ең ірі мұнай танкерлерінің қолданылып жатқанын айтады. Оның кейбірі бір ретте миллион баррель шикі мұнай тасымалдауға қабілетті.
Қытай-Иран арасындағы бұл қадамдар әлем ақпарат құралдарының назарын аударатынына бірқатар себептер бар. Айталық, Иран мұнайына қатысты Қытай шешімі АҚШ-Қытай сауда соғысының қызып тұрған уақытында жасалды. Оның үстіне, Иран мұнайы Қытайға АҚШ президентінің жаңа санкциясы жарияланған уақытта аттанды. Осының бәрі дерлік, АҚШ, Қытай және Иран арасындағы саяси ойындарды көрсетіп тұрса керек.
Иран ақпарат құралдарының хабарына зер салсақ, АҚШ санкциялары Иран мұнай экспортына кері әсер еткенімен, нәтижесі Ақ үй күткендей болмайды деген пікірлер де бар. Кезекті Қытайдың қадамы бұл пікірді растағандай болды.
Иран Мұнай министрлігі өкілдерінің сөзіне сенсек, шикі мұнайды экспорттаудың жолдары өте көп. Айталық, кейбір еуропалық мұнай өңдеу зауыттары Иран мұнайына көбірек мүдделі. Сонымен бірге, АҚШ-тың санкцияларынан айналып өту үшін мұнай тасымалдаудың маршруттарын өзгерту шараларын да қолданбақ. Тек, бұл шаралар тасымал шығынын арттырып жіберуі мүмкін.
Қалай болған күнде де, АҚШ-Қытай сауда соғысы, АҚШ-Иран қайшылығы Қытай мен Иранның арасын жақындатып, ортақ мүдделерін тауып бергендей болды. Бұл Орта Шығыс пен Қытайдың қазірге дейінгі қарым-қатынасында да белгілі дәрежеде өзгерістердің болатынын көрсетеді.