Арыстағы апатты жағдайдың зардаптарын және маңындағы қалалар-ауылдар мен ел-жұрттың хал-ахуалын біліп, көзбен көріп қайту үшін тілшіміз Асан Анарбайұлы Түркістан облысына аттанған болатын. Әріптесіміз Шымкент қаласына жете сала ондағы Арыс тұрғындарына көмек көрсетуге арналған орталықтарынан алғашқы ақпараттарын да жолдап үлгерді. Тілшіміздің жолдаған мәліметтеріне сүйене отырып, сайтымыз алдағы уақытта Арыс туралы ақпарат беріп отыруға тырысады.
№33 мектептегі паналаушылардың жағдайы
Шымкент қаласындағы №33 мектепте құрылған №6 "Арыстықтарға арналған бекетте" болып қайттық. Бекеттің бас үйлестірушісі, мектеп коменданты Медеуова Клара Елемесқызының мәлімдеуінше, кеше (25 маусым) кешке таяу Арыс тұрғындарынан 1350-дей азамат болған, бірақ олардың көпшілігі туыстарының үйлеріне тарасқан.
Клара Елемесқызы қазір аталған бекетте 150-ге жуық балалар мен ерлі-зайыптылардың бар екенін және оларға еріктілер үздіксіз қол ұшын созып жатқанын баяндады. Мектеп спорт залында жайылған төсек көп, қойма жанашыр жандар алып келген азық-түлік, гигиеналық заттар, бет орамалдар мен бума-бума бүлдіршіндердің памперстеріне толы. Кіреберіс дәліздегі тізбектелген парталардың үстінде жеміс-жидектер мен нан өнімдерінің түр-түрі пакеттерге салынған. Комендант ханым мұнда жеке дара ата-анасы я жақындарынан көз жазып қалғандардың жоқтығын айтты. Сондай-ақ мектептің техперсоналдары мен дәрігерлер, социолог-психолог мамандары да кезекшілік режимде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
Спорт залдағы апатты аймақты тастап шыққан Арыс тұрғындарымен жекелей тілдестік. Бекетті паналаушы зейнеткер Өсербаева Нұрсағила жарылыс болған бойда көзіне ота жасағанына ай толмаған жолдасымен жолға шыққанын, көше бойынан қарт әжейді де ерте кеткендерін айтады. Алайда, кейіпкеріміз баспаналарының ау-жайынан, бүлінген-бүлінбегенінен хабарсыз екенін жеткізді.
Біз аталған орталықтан шығарда, қиналғандарға қол үшін созған мейірімді жандардың аулада ойнап жүрген балаларды таңғы асқа шақырып жатқанын естідік. Комендант Клара ханым қайта-қайта "қиын шақта демеу болып, жәрдемдескен елге-халыққа ризашылығымызды білдіремін" деген сөзін қайталай береді. Оның айтуынша гуманитарлық көмек түгел ел тарапынан келіп жатыр. "Билік-әкімшіліктен ше?" деген сауалымызға: "Халыққа рақмет, әкелгенін үлестіріп, алдарына жайып отырмыз", – деп жауап берді.
Бекет қақпасынан шыға бере тағы бір тәтеміз келіп: "Сіз волонтерсіз бе? Менің киім-кешек дүкенім бар еді. Біршама киім-көйлек берейін деп едім, қайда алып барайын, кім қабылдайды?", – деп сұрап жатты. Біз оған көмек көрсету орталығының еріктілерін нұсқадық.