Франция Ұлттық Майдан партиясының жетекшісі, президенттікке үміткер Марин Ле Пен Франция бейбіт түрде Еуропалық Одақтан шығуы керек деп жар салуда. Бұны ол Парижде өткен дабыралы баспасөз мәжілісінде айтқан болатын. Бұл туралы Түркия «Анадолы» ақпараттық агенттігі хабарлап отыр.
Марин Ле Пен еуроның Франция, Италия, Испания қатарлы елдердің ұлттық өнеркәсібіне айтарлықтай кері әсерін тигізгенін алға тарата келе, «Ешбір мемлекет өзінің ұлттық өнеркәсібін қорғамай тұра алмайды, менің міндетім сол – халықтың сеніміне лайық болып, өз экономикамызды күшейту», – деді.
Ұлттық майдан партиясы қазір Францияда күшті қолдауға ие болып келе жатқан партия. Партия жетекшісінің АҚШ президенті Дональд Трамппен де тығыз қарым-қатынасы бар екені де белгілі. Марин Ле Пен өзінің экономикалық жоспарларын баяндаған кезде оның Трамптың саясатын үлгі тұтатыны анық болды. Ол Францияға да Трамптың жұмыспен қамту саясатын жалпыластырмақ. Сонымен қатар, Трамптың барлық одақтардан бас тартып, жекелеген елдермен екі жақты ынтымақтастық сауда келісімін жасауын биік парасаттылыққа балауда, алда Францияға да солай істеуге тура келетінін де қайталай айтты. Ол: «Еуропалық одақпен бейбіт түрде қоштасатын кез жетті», – деп сөзін түйіндеді.
Марин Ле Пен партиясы Франция азаматтарының ЕО-дан бас тартуын жақтап, француз өнеркәсібін дамытуды ұран етіп келеді. Елдегі оны қолдаушылар күннен күнге көбейе түспек. Себебі, Ұлыбританияның ЕО-дан шығуы, одақтың бар ауыртпалығын Франция мен Германияның мойнында қалады. Өзіне ешқандай да игілігі жоқ елдердің жүгін сүйреп жүргісі келмейтіні анық. ЕО жағдайы осылай жалғаса берсе, Германиядан да ЕО-дан айнып, неміс мүддесін қолдаушылар шығары анық. Олай болса айтылмыш Еуропалық Одақтың күні батты дей беріңіз.
“The Qazaq Times”