Журналист Жамал Хашоггидің өліміне Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасының қатысы бар. БҰҰ тергеу тобын басқарған Аньес Калламар осылай деп мәлімдеді.
Тергеушінің айтуынша, журналист қасақана өлтірілген. Халықаралық ұйым адам құқығы тапталған бұл жағдайға қатысты Сауд Арабиясын жазалауды ұсынды. Әзірге ресми Эр-Рияд бұл айыпқа жауап қатқан жоқ. Біраз уақытқа созылған тергеу жұмыстарына адвокаттар, криминалистер де қатысқан. Жүз беттен тұратын есеп жарты жыл бойы жіті зерттеліп, дайындалды.
Қаңтарда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Катар Сыртқы істер министрі әл-Танимен кездесіп, Құрама Штат Сауд Арабиясының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин-Салманнан журналис Хашоггидің өліміне қатысты күдіктілердің жазалануына кепілдік беруді талап етіп отырғанын айтқан. Майк Помпео сөзінде: «Біз журналист Хашоггидің ісіне қатысты күдіктілердің жазаға тартылуы мәселесі бойынша мұрагер ханзада бин-Салманмен сөйлесуді жалғастыратын боламыз. Бұл қастандықты қабылдай алмаймыз, Хашогги ісі сұрақсыз қалмайды», – деген болатын.
Естеріңізде болса, былтыр қазанда Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин-Салманды көбірек сынға алған журналист Хашогги Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында қастандыққа ұшыраған болатын. Түркия билігі ең алдымен Хашогги ісіне байланысты Сауд билігін айыптап, тергеу талап етті. Түркия тарабының мәліметтерінен және АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігінің (CIA) тергеу қорытындысы бойынша мұрагер ханзаданың аталған қастандық ісіне қатысы бар деген болжам айтылған. Алайда, бұл айыптаулар ханзада Мұхаммед бин-Салман жағынан терістеліп келген.