Кеше Жапония премьер-министрі Ирандағы сапарында сол елдің рухани көсемі, аятолла Хомейнимен кездесті. Кездесуде АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз мәселесі талқыға салынды. Алайда, Иранның ең жоғары басшысы АҚШ-пен келіссөз өткізуді қаламайтындарын мәлімдеді. 

Кездесуде Жапония премьер-министрі Шинзо Абе АҚШ президенті Дональд Трамптың "сәлемін" жеткізген. Бұдан бұрын Трамп Жапониядағы сапарында премьер-министрі Шинзо Абеден АҚШ-Иран арасындағы қарым-қатынастың жақсаруына қолдау көрсетуін өтінген еді. Жапон премьері Токиодан аттанар алдында да кезекті сапарында екі ел қатынасын реттеуге күш салатынын білдірген. Алайда, Иран жоғары басшысы Трамптың жолдауына жауап қайтармайтынын айтты.

"Біз сіздің шынайы ниетпен келіп отырғаныңыздан еш күмәнданбаймыз, Трамптың жолдауына келер болсақ, оны диалог алмасатын адам деп санамаймын. Сондықтан да оған жауап бермеймін", – деген Иран жоғары басшысы кездесуде.

Абе Хомейниге АҚШ-тың Иран режимін өзгертуді мақсат етпейтінін, бұл туралы Трамппен талқылағанын жеткізген. Иран басшысы бұл жөнінде: "Біздің АҚШ-пен болған қайшылығымыз режим алмастыруда емес. Оларда мұндай мақсат болған күннің өзінде оны жүзеге асыруға шамасы жетпейді. АҚШ-тың бұрынғы басшылары да бұған күш салып көрген. Бірақ, қауқары жетпеген", – деген.

Хомейни мен Шинзо Абе арасындағы кездесуде ядролық қару туралы да талқыланды. Жапон премьері АҚШ-тың Иранға ядролық қару жасауға жол бермеуге тырысатынын айтты. Иран жоғары басшысы бұған: "Иран ядролық қаруға қарсы ел. Мен ядролық қару жасауды "харам" деп пәтуа шығардым. Бірақ, АҚШ-тың білгені дұрыс – егер біз ядролық қару жасауды мақсат етсек, АҚШ бізге кедергі бола алмайды", – деп жауап берген.

Жапония мен Иран лауазымдылары арасындағы кездесудің негізгі қорытындысы анық болған. Яғни, Иран тарабы АҚШ-пен келіссөз жүргізуді қаламайды, себебі, келіссөз жүргізу өзіне деген қысымды арттыру деп санайды. ИИР жетекшісі сөзінде: "Иран АҚШ-қа мүлде сенбейді. "Ортақ қадам" бағдарламасы бойынша АҚШ-пен жүргізген келіссөздің сәтсіздігін қайталағысы келмейді. Қандай да бір егемен халық қысым астында келіссөзге келуді қаламайды", – деген.

“The Qazaq Times”