Полиция өкілдері Алматы қаласында 10 маусым күні кеште орын алған жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, бірқатар қоғамдық тәртіпті бүлдіру әрекеттерінің, заң бұзушылықтардың орын алғанын хабарлады. Полиция тарабынан таратылған ресми мәлімдеме мынадай:
Кеше, 2019 жылдың 10 маусымында шамамен кешкі сағат 18.00-ден 2019 жылдың 11 маусымы 02.00-ге дейін Алматыда бірнеше адамнан құралған топ қоғамдық тәртіпті бұзуға жол берді. Аталған құқық бұзушылыққа қатысушыларды полиция ұстады. Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары тарапынан толық құқықтық баға берілген жоқ. Бұл ретте инсинуацияны болдырмау үшін және халыққа дұрыс хабар беру мақсатында полиция өкілдері расталған бірқатар фактілерді мәлімдеп отыр.
Біріншіден. 10 маусым күні кешкі сағат 18.00-де «Алғабас» ықшамауданында «Алатау» театрының алдында Р. Зайытовтың шақыруымен рұқсат етілмеген митинг өткізу үшін бір топ адам жиналды. Митинг ұйымдастырмау туралы хабарламаға құлақ аспаған олар, полицияға қарсылық көрсетіп, артынша ұсталды.
Оның үстіне, олардың кейбіреулері Алматы Арена ауданындағы жолды жауып тастады. Р.Зайытовпен әңгімелесу жүргізілгеннен кейін ол босатылды. Алайда осы аралықта Алматы қаласы полиция департаментінің («Целинный» ғимараты) алдында оған қолдау көрсету үшін бір топ адам жиналды. Үйінен қайтып оралған Р.Зайытов жиналған қауымды ешқандай заңсыз іс-шараларға қатыспауға және арандатушылық жасамау жөнінде өтініш білдірді.
Жиналғандар бірнеше топқа бөлініп, қала бойынша тарайды. Бірақ араларындағы біреуі жеке автокөлігіне отырып, Төле би және Абай көшелеріндегі қозғалысты шектейді. Бұдан өзге үш-төрт автокөлік бірігіп, колонна ұйымдастырып, ақырын жылдамдықпен қозғалды. Түрлі дыбыс сигналдарын пайдаланған олар сол жердегі басқа көліктердің қалыпты қозғалысына кедергі келтірді. Сол сәтте бір топ адамдар көлік жүретін жолдың бойына шығып, апатты жағдай туғызады. Бұл адамдар да өздерін дөрекі ұстап, қатты айқайлап, ысқырып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Заңсыз әрекетке барғандар қандай да бір талап, шарт қойған емес.
Екіншіден. Заңсыз акциялардың қатысушылары бірнеше қылмыстық әрекетке де барды. Мәселен, түнгі бірлер шамасында Төле би даңғылы мен Өтеген батыр көшесінің қиылысында «Сайран» автовокзалына қарама-қарсы жақта заңсыз акцияға қатысушы бір көлік жол-көлік қозғалысын реттеумен айналысып жүрген жол-патрульдік полиция қызметкерін қағып кетті. Дәрігерлердің айтуынша, оның оң жақ жіліншігі ығысып, жамбас-берц сүйегінде жабық сыну бар.
Жүргізуші қылмыс орнынан бой тасалағанымен, көп ұзамай ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабында көрсетілген қылмыс белгілері бойынша ұсталды. Алматы қаласының Алатау ауданында кешкі уақытта бір топ адам мас күйінде полиция автокөлігіне зақым келтірген. Олар машинаны сындырып, оны тастармен лақтырды. Тәртіп бұзушылар ұсталды. Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 293 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.
Үшіншіден. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кешкі және түнгі уақытта колл-орталығына қалалықтардан 1250 өтініш келіп түсті. Оның 70 пайызы түнгі оқиғалар. Тұрғындар түнгі уақыттағы айқай-шудан қорыққан. Ал жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарға наразы болды. Полиция органдары заңсыз іс-әрекеттердің жолын кесу бойынша тиісті шаралар қабылдады. Құқық бұзушылар ұсталды.
Қазіргі уақытта Алматыдағы жағдай толығымен бақылауға алынды. Көліктің және барлық қызметтердің қалыпты жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Көшелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданды. Полиция қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермейтінін, кез-келген құқыққа қарсы әрекеттерге, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіруге жол бермейтінін мәлімдейді.
Бұған қоса, полиция тарабы тиісті ақпараттардың БАҚ-та таратылатынын айтады.