Қарашаның ортасында Демпартия құруды көздейтін бастамашыл топ пен Украинада мекендейтін саяси белсенділер Айдос-Наталья Садықовтардың шақыруымен басы-аяғы 2,5 сағатқа созылған «Халықтық митингте» (ұйымдастырушылардың айтуынша – QT) айтылған пікірлерді назарыңызға ұсынамыз.

Бұрынғы және қазіргі президенттер Назарбаев пен Тоқаевтың есімдері қатты-қатты аталып, атына өткір сын айтылған тұста әкімдік өкілдері қайта-қайта ескерту жасаған бұл митингке рұқсат етілген.

Жиналғандар митингтің тақырыбына сай қолына «Сайлауға бойкот!», «Саяси тұтқындарға бостандық», «Несиелік амнистия», «Шетелдіктерге жер берілмесін» деп жазылған плакаттар ұстап тұрды. Шеруді әдеттегідей қарапайым үлгіде киінген құзырлы орган қызметкерлері бақылап, дрон-камералар бейнежазбаға түсірді.

Жиын барысында «Ел бірлігі» қозғалысы жетекшілерінің басшысы Рысбек Сәрсенбай белсенділерді қудалауға бейжай қарайтын көпшілікке өкпесін білдірді. Экс-президент Назарбаевты және оның құрған жүйесін сынады.

Марқұм Алтынбек Сәрсенбайдың інісі журналист, белгілі белсенді Рысбек Сәрсенбайұлы сөй сөйлеп тұрған сәт. Фото: QT

Сөзін Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» жыр жолымен бастаған журналист Сәрсенбайдың сөзі:

– Мына күндей (бұл кезде алғашқы қар түскен, күн райы ала бұлттанып тұған сәт – QT),  түнеріп, тұнжырап тұрмыз. Қашан қабағымыз ашылады, қашан жадыраймыз? Қашан бақытты жандар екенімізді сезінеміз?! Күні кеше он екіде бір гүлі ашылмаған Жанболат Дулатұлы Ағаділді соңғы сапарына шығарып салдық, жаназасында топырақ салып қайттық. Немерем қатарлы жас шыбық. Назарбаев өзінің тең тұстарын, қайраткерлерді қазаға ұшыратқаны аз ба еді?! Ол құрған жүйесі енді немересіне қол салды. Бұл – жауыздық! Соның билігін сақтаудың айласы осыған жеткізді. Бір жылда екі азаматынан айырылған туыстарының зарын естідім, өзімді қоярға жер таппадым. Бұл бір отбасының ғана емес, бүкіл қазақтың қасіреті. Айналайын, жұртым-ау, осындай қасіретте неге үйіңде отырсың? Неге алаңға шықпайсың? Кеше азаматтар жаназа уақытында осында тұрып, Алладан тілеу тілеп, қайғыға ортақтастығын танытты. Қалғаның қайда болдың? Басқа жұрт мынадай жағдайда шырағына алып, қайғының қайталанбауын талап етіп аза тұтушы еді. Бір-біріміздің жарамызды сезініп ортақтаса алмасақ, онда мүлдем бордай тозып, ұлт-мемлекет ретінде жойыламыз. Назарбаев құрған, Тоқаев жалғастырып отырған ұры биліктің ұртоқпағының астында жаншылып-езіліп жоқ боламыз!

Сондай-ақ ол сайлауға қатысуға ынталыларды сынап, «Қосановты қайталаудың» қажеті жоқтығын айтты. Сайлауға қатысуды «ақымақтыққа», «бір қателікке екінші рет ұрынуға» балайды. Оның айтуынша, «Назарбаев пен төңірегіндегілер қолдан заң жасау, бейшараларды депутат ету арқылы шексіз билікке ие болды».

"Ел бірлігі" қозғалысы атынан саясаткер, журналист Р.Сәрсенбай сөз сөйледі.

«Елбасы және Тұңғыш президент туралы заңдарды алып тастау керек. Сол тәрізді сайлау, партия құру, митинг өткізу туралы заңдарды түзету қажет. Партия тізімі негізінде сайлау – дұрыс емес, бұл арам сайлау. Партиялық тізіммен сайлаудан халық болып ашық түрде бас тартуымыз тиіс. Егер халық үніне құлақ аспай, сайлау өткізсе, онда мұны азшылықтың бұрмалау жолымен сайланған легитимсіз-заңсыз парламент деп тануымыз шарт. Назарбаевтың қисық заңдарын алаңға шығу арқылы түзету – заңдарды дұрыстап, ОСК құрамын түбірімен өзгертіп сайлауды қайтадан өткізу!», – деген Рысбек Сәрсенбай «күрес үшін атқа қонатын кез туғанын» айтады.

Алматы қаласы әкімдігінің қызметкері, қоғамдық даму басқармасы бастығының орынбасары Айдар Есенбеков ұйымдастырушыларға ескерту жасап, мінбер маңында белсенділерге килігуге тырысты. Мұны Жанболат Мамай жария түрде айыптай сөйлеп, кедергі жасамауын талап етті.

Жиын барысынан. Фото: Жанболат Мамайдың әлеуметтік желідегі парағынан

Жиында Шымкент, Орал, Тараз қалаларынан келген белсенділер де сөйледі. Демпартия мүшесі Нұрбол Бәйтереков саяси реформаның ауадай қажеттігін алға тартып, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді, сол құмалақ – бүгін Назарбаев» деп атады. Ол елдің несиеге белшесінен батқанын, Қытайдың өтелмеген инвестициясының ақыры «жерден айырылуға алып келуі ықтимал» деген қауіппен жер мәселесін көтерді. Шымкенттен келген Данияр Құлтаев та «Назарбаевтың Халық билігін шексіз жекешелендіріп алды» деп ашынды. Сондай-ақ, белсенді несиенің «ақылға сыймайтын пайызын» сынап, жерге байланысты енгізілген мораторийдің жақында алынуына алаңдаушылығын білдірді.

Желтоқсандық Сайлау Лепесов сөзінде Қазақстанда отыз жылдай билік еткен экс-президент Назарбаевты «халықтың жауы» ретінде атап, саяси талаптарды қолдауға шақырды. Азаматтық белсенді Гүлзада Сержан қазақстандық әйелдердің өмірін жақсартуда «бірде-бір заң қабылдай алмаған» Парламенттің сайлауына қатыспауға үндеді. «Көпбалалы аналарға бетпақсың деген депутатқа дауыс бермеңіз» дейді ол.

Он шақты спикердің бірі ретінде Демпартияның Орал қаласындағы штаб жетекшісі, бард ақын Жанат Есентаев көпшілікті «белсенді бойкотқа» үгіттеп, «Біз жүреміз тек алға!» деп аталатын әнін шырқады.

Полицияға жақсы таныс Данай Калиева «есі дұрыс емес мемлекетпіз» деп есептейді.

«Мен бұрынғыларды емес, жаңа кандидатқа дауыс бергім келеді немесе өзім партия құрғым келеді. Бізде қайсыбір мәселеге қарсы пікір айтуға да болмайды. Мені сайлау, таңдау, қатысу құқығымды шектеп отыр. 10 қаңтар сайлау учаскесінде емес, алаңда болайық!» деді.

Азаматтық қоғамда «қазақтың Нельсон Манделасы атанып кеткен» тұтқындағы Арон Атабектің келіні Мадина Хабиболла көпке алғысын айтып, жүйеге қарсылардың қысымға ұшырауын сынады. Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын еске алған ол «халық қамын ойламайтын депутаттарды жазалау керектігін» сөз етті.

Құқық қорғаушы Ерлан Калиев «Тәуелсіз мемлекетте ондаған саяси тұтқынның болуын» ауыр жағдайға балайды.

Алаңда бір топ жастар ойын айтты. Олар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде іске аспайтынын, алдағы «сеяси реформаларсыз өткелі жатқан сайлауға» қатыспақ бақылаушылардың еңбегі зая боларын алға тартады.

«Өз-өзін сайлаған алты партияның түкке қажеті жоқ» деген бастамашыл топтың өкілдері, ұйымдастырушылар мен қатысушылар Демпартияның тіркеуін талап етті. Модератор Жанболат Мамай президент Тоқаевтың саяси реформа бойынша берген уәдесінің «бос сөз болғанын» айтып, күресті жалғастыратынын хабарлады.

Кейінгі кезде бірнеше рет бейбіт митинг өткізуге рұқсат алған Демпартия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамай жеті талаптан тұратын жиын қарарын оқып берді. Фото: Айдос Садықтың Facebook желісіндегі парағынан

Ұйымдастырушы топ жиын қорытындысы бойынша қарар қабылдады. Нәтижесінде 16 желтоқсан және сайлау белгіленген 10 қаңтар күндері митинг өтетінін хабарлады.

  • Біріншіден, саяси реформасыз, оппозициялық партиялардың және тәуелсіз тұлғалардың қатысуынсыз парламент сайлауын өткізбеу!
  • Екіншіден, «Сайлау туралы» заңды өзгертіп, мажоритарлы жүйені енгізу. Яғни, партиялық тізіммен 50%, өзін-өзі ұсыну арқылы тұлғалардың сайлауға қатысуына жол ашып, мажоритарлы жүйеге 50% беріп, нақты өзгерістер жасау.
  • Үшіншіден, «Саяси партиялар туралы» заңды өзгерту. Партия тіркелу үшін межені 500 адамға дейін түсіру керек. Халқының саны 145 миллион адамды құрайтын Ресейде партия тіркеу үшін 500 адам жеткілікті. АҚШ-та «партия құрғаны жөнінде мәлімдеме» жасаса болды, сол партия құрылған болып саналады. Бізде де заңды өзгертіп, жаңа партиялардың тіркелуіне жол ашу керек.
  • Төртіншіден, жер шетелдіктерге 25 жылға жалға беріледі деген бапты кодекстен мүлдем алып тастау!
  • Бесіншіден, халыққа несиелік амнистия жариялау. 5,5 миллион халықтың несиелік борышы карантинге байланысты кешірілсін!
  • Алтыншыдан, барлық саяси тұтқындар бостандыққа шығуы тиіс! Саяси себеппен қудалау тоқтауы керек.
  • Жетіншіден, Дулат пен Жанболат Ағаділдің қазасына қатысты ашық тергеу жүргізілсін!

Бұл талаптар орындалмаса шерулер тоқтамайтынын ескертті.

Жиын соңына қарай бүгін таңда ұсталған журналист Ермұрат Бапидің босатылғаны айтылды. Белгілі журналистің ұсталғанын Алматы қаласы Медеу аудандық полиция бөлімшесі растаған.

Түсте Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Айдос Садықов саяси митингті ұйымдастыруға атсалысқан Демпартияның бастамашыл тобына алғысын айтып, өзінің жеке пікірін жазды.

"The Qazaq Times"