Оңтүстік Кавказда тағы да шекара мәселесіне байланысты жанжал туылды. Шекара жанжалы Шешенстан мен Дағыстан тұрғындары арасында болған. Тараптар жол жиегіне қойылған белгі тақтайшаға байланысты келіспеушілік танытуда.
Дағыстан тұрғындары Кизляр ауданында жол жиегіне «Шешенстан Республикасы Шелковской ауданы» (Чеченская республика Шелковской район) деген белгінің қойылғанына наразылық танытқан болатын. Көп өтпей әлеуметтік желілерде бұл белгі тақтайшаны дағыстандықтардың алып тастағаны туралы видеолар тарады.
Бұдан кейін Шешенстан Парламентінің төрағасы Магомед Даудов мәлімдеме жасап: «Шешенстан өз жерін ешкімге бермейді. Біз бір сүйем жерімізді де ешкімге бермейміз. Жол белгісін орнына қойып қойыңдар. Себебі, ол сол жерде тұруы керек», – деген. Бұл мәлімдемеден кейін дағыстандықтар мен шешенстандықтар арасындағы қайшылық бірден асқынды.
Бұлан кейін БАҚ шешенстандық қауіпсіздік күштері шекара өңіріне көліктермен топтасқанын хабарлады. Ал, бүгін таңертең ертемен Даудов жол белгісі қойылған шекараға барып, Дағыстан ресмилерімен кездескен.
Кавказ өңіріндегі ақпарат құралдары наурыз айында Шешенстанның Қизляр ауданындағы таласты шекара аймағын бір тарапты өздерінің территориясы ретінде белгілеп алғанын хабарлаған болатын. Көршілес республикалар шекараны бекіту туралы сөйлесулері толық нәтиже бермеген. Сәуір айының соңында екі елдің парламент төрағалары мемлекеттік істерге байланысты шекара бекіту мәселесін уақытша тоқтата тұруға келіскен.
Кавказдағы шекара дауы
Оңтүстік Кавказдағы шекара дауларында ең белсенді ел – Шешенстан. 1991 жылы Шешен-Ингуш АССР-ы тарағаннан кейін Шешенстан мен Ингушетия Ресей Федерациясы құрамындағы екі республика ретінде жарияланды. Алайда, ол кезде анық шекара сызығы бекітілмеген. Шешенстан мен Ингушетия арасында да шекара жанжалы бірнеше рет болды. 2018 жылы қыркүйекте бұл екі көрші аймақ админстративтік шекара келісіміне қол қойды.
Шекара бекіту кезінде Ингушетия тұрғындары «көп территориямыз Шешенстанға кетіп қалды» деген наразы пікірлермен мыңдаған адам қатысқан шерулер де өткізген. Қазір Ингушетия Ресей Федерациясындағы жер көлемі ең шағын республика болып саналады.