АҚШ президенті Дональд Трамп 2020 жылы өтетін президенттік сайлауда өз кандидатурасын ұсынбақ.
Ақ үй басшысы өзінің Twitter-дегі жазбасында: «Мен бірінші леди Мелания, вице-президент Майк Пенс және екінші леди Карен Пенспен бірге 18 маусымда Флорида штатындағы Орландода, 20 000 көрермен сыятын Amway орталығында президенттіктің екінші кезеңі үшін бақ сынайтынымды жариялаймын. Осы тарихи сәтте бізбен бірге болыңыздар!» - деді.
Осыған дейін Трамп келесі жылы өтетін сайлауға қатысты пікір білдірген болатын. Ақ үй басшысының айтуынша, президенттік сайлауда үміткер атана алатын екі адам ғана бар: оның бірі — АҚШ вице-президенті Джо Байден болса, екіншісі — сенатор Берни Сандерс. Дегенмен, Трамп Twitter парақшасында: «Бұл екеуі де АҚШ-тың қазіргі экономикасын дамытуға қауқарсыз», — деп, басты қарсыластарының бірін «жалқау», ал екіншісін «ұйқыбас» деп атады. Демократтар ұсынған Сандерстің жеке активінде 18 млн доллар бар. Ал Байден сайлауға қатысатыны жайлы әлі күнге дейін ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
2020 жылы Құрама Штаттарында өтетін президенттік сайлауға қазірдің өзінде жиырмадан астам шенеунік өз кандидатурасын ұсынған. Мәселен, демократиялық партиядан жазушы Марианна Уильямсон, сенаторлар Кори Букер, Берни Сандерс, Камала Харрис, Өкілдер палатасының мүшелері Тулси Габбард, Джон Делейни, экс-министр Хулиан Кастро ел басқаруға үмітті. Ал республикашылар партиясынан қазіргі президент Дональд Трамп, экс-сенаторлар Боб Коркер мен Джефф Флэйк, 1989-1993 жылдары АҚШ вице-президенті аппаратының басшысы болған Уильям Кристол және өзге де бес үміткер бар.
Аталған екі ірі топтан бөлек, 1971 жылы құрылған үшінші саяси ұйым, яғни Либертариан партиясы да өз үміткерлерін ұсынып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Дональд Трамп пен губернатор Уильям Уэлд президент болуға басты үміткерлер қатарында.
АҚШ-та кезекті президенттік сайлау 3 қарашаға жоспарланған. Құрама Штат Конституциясының ІІ бабына сәйкес, президент болып сайлану үшін кандидат Америкада кемінде 14 жыл тұрған және жасы 35-тен асқан АҚШ азаматы болуы тиіс. Кандидаттар негізінде арнайы саяси партиялардың бірінен праймериз арқылы ұсынылады. АҚШ-тағы президенттік праймериз — 1842 жылдан бастап Штаттар деңгейінде өткізілетін бастапқы сайлау институты. Жергілікті сайлау қорытындылары бойынша, президенттікке бірыңғай партиялық кандидат айқындалуы тиіс.
Еске сала кетейік, Дональд Трамп 2016 жылғы 8 қарашада президент сайлауында жеңіске жетіп, Американың 45-ші президенті атанды.