Украиналық журналист Дмитрий Гордон Алматыда өткен XVI Еуразиялық медиа форумда Украина мен Ресей қарым-қатынасы, Донбастағы жағдай және өзге де саяси тақырыптар жөнінде пікір білдірді.

«Блогерлер: виртуалды әлемнің рок жұлдыздары ма?» тақырыбында өткен конференцияда ресейлік журналист Максим Шевченко мен украиналық журналист Дмитрий Гордон екі ел арасында бұрыннан келе жатқан қақтығыстарға қатысты ашық ой айтып, талқылаудың арты пікір қайшылығына ұласты.

Гордон сөзінде: «Украина жеріне бірінші келіп, қақтығыс жасаған Ресей, Украина емес. Ресейліктер өздерінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық ақпараттық соғыс ұйымдастырып отыр және сол арқылы халқының ойын улап келеді. Екі ел арасындағы шиеленісті Порошенко да, жаңадан сайланған Зеленский де шеше алмайды. Соғысты бастаған Путин, аяқтайтын да Путин. Украина мен Ресей соғысындағы бейбітшіліктің кілті Путинде. Сол себепті, көршілес елдер, украиндер үшін дос-бауыр саналатын беларусь, қазақ халқы, сақ болыңыздар. Путин сіздерге де Украинадағы жағдайды туғызуы әбден мүмкін», – деді.

Гордонның бұл пікірінен кейін Шевченко: «Мен үшін Зеленский – бүгінгі қорқынышты соғысты тоқтата алатын бірден-бір адам. Әрине, әркім өз ойын ашық айтуға міндетті. Донбастағы жағдай кезінде украиналықтардың бір-бірін өлтіріп, өз-өздеріне қарсы шыққанын көрдім. Ал Қазақстанға келер болсақ, дәл осы мемлекет Мәскеу мен Киев байланысында бейтарап көзқарас ұстанып отырған ел. Қазақстан – бейбітшіліктің алаңы десем артық болмайды», – деді. Артынша сөз алған Гордон Донбаста соғысты бастаған Ресей әскерилері екенін және қазіргі уақытта екі ел ашық соғыс алаңында екендігін айтты.

Ресейлік журналист Максим Шевченко. Фото: http://eamedia.org

Талқылаудың соңында журналистер Қазақстан тарапының Ресей –Украина азаматтарының бетпе-бет кездесіп, ашық ой талқы өткізуі үшін мүмкіндік бергеніне алғыс білдірді. Шевченконың айтуынша, мұндай мүмкіндік басқа уақытта болмайды.

Жалпы алғанда, 2002 жылдан бері халықаралық деңгейде өткізіліп келе жатқан Еуразиялық медиа форумға биыл əлемнің 60 мемлекетінен 500-ден астам делегат жиналған. Форумның алғашқы күні цифрлық журналистика тенденциялары, ал екінші күні жасанды интеллект, де-глобализация, медиа жаңашылдық тақырыбында өтті. Ал үшінші күні ғаламдық күш теңгерімі, блогерлер мен журналистер, АҚШ пен Қытай сауда соғысы, Еуропалық Одақ пен Ұлыбританияның Brexit келісімі туралы өрбіді. Дегенмен, блогерлер тақырыбында өтуі тиіс конференция ресейлік журналист Шевченко мен украиналық тілші Гордонның екеуара пікірталасына ұласты.

Гордонның пікірінен ұққанымыздай, Қырым, Донбасс, Керш бұғазы және өзге де ірі шиеленістерді қолдан жасаған Ресей тарапы, сол себепті Киев Мәскеу ұстанған агрессиялық саясаттың кезекті мәрте құрбанына айналмауы үшін Еуропалық Одақ, АҚШ сынды алпауыттар жағына өтпек. Украинаның жаңадан сайланған президенті Владимир Зеленский 20 мамырда ЕО және АҚШ саясаткерлерімен кездесіп, Ресейге қарсы қатаң қаулыларды (санкция) ұлғайту туралы өтініш білдірді. Демек, жақын арада Украина мен Ресей байланысының бір арнаға тоғысуы екіталай...

"The Qazaq Times"