Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің агрессиялық саясатына қарсы санкция енгізгені үшін АҚШ пен Еуропалық одаққа алғыс білдірді. Бұл туралы Украина президентінің сайтында жарияланды.
Жаңа президентті ұлықтау рәсіміне қатысуға келген АҚШ өкілдерімен өткен кездесуде Зеленский: «Донбасс пен Қырымдағы Ресей агрессиясына өзіміз қарсы тұра алмаймыз. Сондықтан сіздердің көмектеріңіз керек. Украина аумағының тұтастығын қалыпқа келтіру ісінде көшбасшылық танытып, ел ішін реформалауда көмек көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіреміз және Америка тарабы Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді жалғастырса екен дейміз. АҚШ – Украинаның Ресей агрессиясына қарсы тұруда қуатты әрі ірі серіктестерінің бірі», – деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Украинаның жаңа президенті елде ашық, әділ және демократиялық реформа жүргізуге әзір екенін айтты.
20 мамырда Зеленский Еуропа комиссиясы төрағасының орынбасары Марош Шефчовичпен кездескен болатын. Басқосу барысында ол кез келген санкциялар Ресейдің Донбасстағы әрекеттерінен зардап тартып отырған Украина үшін өте маңызды екендігін айтып, Еуропа одағының Ресейге санкция арқылы қысым көрсетуі жалғасады деген үміт білдірді.
Айта кетейік, 20 мамырда Украина халқының алдында ант қабылдаған Владимир Зеленский елді Ресейдің озбыр саясатынан қорғап, Киев пен Мәскеу қарым-қатынасын қайта қарайтынын айтқан. «Біз бірігуіміз керек. Сол кезде ғана мықты боламыз. Әлемдегі барлық украиналықтарға айтарым – біз 65 миллионбыз. Сіздер бізге керексіздер, мықты да қуатты Украинаны құруға әрқайсыңыз қажетсіздер. Сіздерге Украина азаматтығын беруге уәде беремін. Бұл – біздің ұлттық идеямыз», – деп мәлімдеді Зеленский.