Украинаның қауіпсіздік қызметі басшысы Василий Грицак пен қорғаныс министрі Степан Полторак отставкаға кетті. Бұл президент Владимир Зеленский инаугурациясынан кейін орын алды.

Украина басшысы Зеленский қызметіне кірісу алдындағы сөзінде қауіпсіздік қызметі басшысы, қорғаныс министрі және бас прокурор отставкаға кетуі тиіс деп мәлімдеген. Бас прокурор Юрий Луценконың қызметінен кеткен-кетпегені әзірге белгісіз.

Мұнан бөлек президент үкіметті тұтас отставкаға кетуге шақырып, Жоғарғы раданы тарататынын мәлімдеген. Парламент вице-спикері Ирина Геращенко Жоғарғы раданы тарату Конституцияға сәйкес келмейді деді.

Ал премьер-министр Владимир Гройсман өзі еркімен қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол министрлер кабинетін басқарған үш жылына еш ұялмайтынын жеткізді.

Украина заңына сәйкес, премьер-министр отставкаға кеткен жағдайда, онымен бірге министрлер кабинеті тұтас кетеді.

Зеленскийдің парламентті таратуы заңды түрде күшіне ену үшін, президенттің жарлығы керек. Бұл мәселе бойынша Зеленский бүгін фракция өкілдерімен кездеспек. Бірақ "Халықтық майдан" өкілдері президент шешімімен дауласуға дайындалып жатыр. Алдын ала мәлім болғандай, Украинада парламент сайлауы 14 шілдеде өтуі тиіс.

Қазіргі депутаттар 2014 жылдың күзінде сайланған. Олардың құрамында Зеленскийдің фракциясы жоқ.

"The Qazaq Times"