Соңғы бірер аптада әлемнің ақпарат кеңістігі «АҚШ Иранмен соғыса ма?» немесе «Қайшылықтың басқа шешімі табылмаса соғысты қай тарап бірінші бастауы мүмкін?» деген сұрақтарды көбірек талқылап жатыр. Қазіргі таңдағы халықаралық ең өзекті бұл тақырыпты сайтымыз назардан тыс қалдырған жоқ. Бірнеше жылғы контенттерімізден АҚШ-Иран қатынасының қайшылыққа қалай ұласқаны туралы да толық жауап табуға болады. Солай да, соңғы кездері тіпті де өзектілене түскен бұл тақырыпқа барынша жан-жақты тоқтала кетелік.  

Не болған еді?

Иран мен АҚШ арасындағы «даудың басы» не екенін көзқарақты жұртқа белгілі. Екі елдің шиеленіскен қайшылыққа келу барысы сайтымыздан тыс, өзге де қазақстандық ақпарат құралдарында айтылып келеді. Егер қайталау керек болса, бір ғана – «ядролық мәселе» деген сөзбен түсіндіруге болады.

Халықаралық ережеде орнап қалған мынадай бір «кесілмейтін шөре» бар,  ол – «қазірге дейін ядролық қару жасап үлгіргендер ғана ядролық қару ұстау құқығына ие, бұдан былай ешбір ел ядролық қару жасауына болмайды». Бұл халықаралық қауымдастықта «ядролық қаруды таратпау», «жаппай қырып-жоятын қаруларды өндіруге қарсы» тұру деген секілді, тағы басқа да толып жатқан ереже, қаулылармен бекітілген. Ал, Иранның ядролық бағдарламасында қуатты энергия қайнарына қол жеткізумен қатар, ядролық қаруға ие болу мақсатының да бар  екені сөзсіз. Әрине, ғаламдық тұрақтылық тұрғысынан алғанда ядролық қарудың көбеюі қолдауға болмайтын үрдіс. Әсіресе, ядролық қарудан және соны сынаудан көп зардап шеккен, соңында өзінде бар жаппай қырып-жойғыш қарулардан бас тартқан Қазақстан үшін төңірегіміз толы суық қарулы елге айналуы қуанарлық іс емес. Бірақ, Иран өз тұрғысынан ядролық арсеналға мүдделі болды, оның да өзіндік «қисынды» себебі бар еді.

Иран өңірде (Орта Шығыста) Израиль және Сауд Арабиясы сынды екі елмен стратегиялық қарсылас саналады. Бұлардың екеуі де АҚШ-тың өңірдегі іргелі одақтастары, әрі Израиль әлемдегі санаулы ғана ядролық қаруға ие елдердің бірі (8-ші орындағы ядролық ел Израильде 120-ға жуық ядролық қаруы бар делінеді).  Теһран (Тегеран) стратегиялық бәсекелестері қатарында басымдыққа ие болу үшін ядролық арсеналға мүдделі еді, оның үстіне Иранда ядролық қаруға ие болуға мүмкіндіктер Солтүстік Кореядан әлде қайда көбірек болған. Бұл үшін Ресейдің, Қытайдың және Пәкістанның технологиясына қол жеткізуге де мүмкіндігі бар. Ал, Құрама Штат бұған қарсы болды. Иранның күшеюі АҚШ-тың Орта Шығыстағы мүддесіне кері әсерін тигізетін еді.

Иранның ядролық қаруға қол жеткізуге деген талпынысы АҚШ бастаған Батыс елдерін алаңдатты. Иранға қарсы экономикалық санкциялар күшейді. Бұл кезде Иран президенті Ахмадинежадтың сыртқы саяси бағыты да Батыс елдеріне ұнай қоймады. Қазіргі президенті Хасан Рухани билікке келерде Батыс елдері Иранның қатаң сыртқы саясаты өзгеріп келіссөздерге келеді деп күтті, әрі солай болды. 2015 жылы Иран мен өзге алты ел (АҚШ, Британия, Франция, Германия, Ресей және Қытай) «Ортақ қадам» деп аталатын ядролық келісімге келді. Ол бойынша Иран ядролық бағдарламасын шектейді, БҰҰ тарабынан бақылаушы эксперттердің тексеруін қабыл алады; Батыс елдері Иранға қарсы санкциясын алып тастайтын болып келісті.

Келісім Трамп билігінің екінші жылы бүліне бастады. Былтыр осы уақытта АҚШ президенті Дональд Трамп келісімнен біржақты шығып кетті, бір күннен кейін Иранға қарсы санкциялар қайта іске қосылды. Күз айларының соңында Иранға қарсы санкция бір есе күшейтілді. Ал, жақында Иранның барлық мұнай экспортын тығырыққа тіреген жаңа шешімі жария болды. Бұл шынында Иран экономикасы үшін ауыр соққы болып тиді. Иран президенті Рухани кезекті бір мәлімдемесінде АҚШ экономикалық қысымының әсерінен Иран экономикасы Шығанақ соғысы (Иран-Ирак соғысы) кезіндегі жағдайдан да қиын күйге түскенін айтқан еді.

Не болмақ?

Тап осы кезеңде, АҚШ-Иран жағдайы туралы болжам арасында екі түрлі пікір таласты күйде тұр. Бірінші пікірдің түп-төркіні Трамп үкіметіне барып тіреледі. Трамп үкіметі осыдан бұрын Иранды АҚШ-тың Орта Шығыстағы әскери базаларына қарсы шабуыл ұйымдастыруға дайындалып жатыр деп мәлімдеді. Бірақ, Иранның алдымен қару қолдануына шүбәсіз сендіретін дәлел жоқ. АҚШ тарабы Трамп үкіметінің бұл дегеніне толық келіспесе де, Иранға жақын әскери базаларындағы дайындықты күшейтті: әскерлерін көбейтті; әскери техникаларын сұрыптады; Ирактан дипломаттарын шығарып кетті (АҚШ-Иран арасындағы қақтығыста Иран жері де ұрыс майданы болып кетуі ғажап емес. Онда АҚШ-тың маңызды әскери базалары бар). Сонымен бірге Трамп үкіметінің Иранға қаратқан ескертуі де қатаң. Егер, Иран немесе сол елдің қолдауындағы кейбір қарулы топтар АҚШ-тың Орта Шығыстағы қандай да бір мүлкіне (елшіліктері, базалары, құрылыстары, компаниялары, кемелері т.б.) зиян келтірсе, ауыр соққы қайтармақ.

Ал, тағы бір көзқарас қайшылықтың жауапкершілігін АҚШ-қа артады. Бұл көзқарас жағында Иранмен қатар осыған дейін АҚШ-қа одақтас болып келген бірқатар еуропалық елдер де бар. Олар Трамп үкіметінің келісімнен біржақты шығып кетуі қайшылықты өршітті деп санайды. Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Болтон мен мемлекеттік хатшы Помпеоны «Иранды жек көретін саясаткерлер» деген де пікірлер бар. Және бұлар Иранның режимін өзгертуді, АҚШ-тың өңірлік стратегиясына кедергі келтірмейтін жаңа билік орнатуды көздейді, ол үшін экономикалық қысым нәтиже бермесе, күш қолданудан да тайынбайды деп қарайды.

Бұл екі көзқарастың бір басында АҚШ, бір басында Иран тұр дағы, кейбір мәселелерге мақсатты көз жұма қарап жатқаны да байқалады. Айталық, екі тарап келіссөзге дейін ұмтылыс танытпай келеді. Теһран билігі Еуропа елдерін ара ағайындыққа шақырып, АҚШ экономикалық қысымы ел экономикасын тұралатқанын, келісімге қол қойған өзге елдер, келісімді құрметтеп жағдайды дұрыстамаса, Иран да қажетті шараларға баратынын ескертті. Яғни, барлық келісімді қайырып қойып, уран байытуды қолға алып, ядролық бағдарламаны дамыта түспек. Егер Иран бұндай қадамға баратын болса, онда Трамп үкіметіне де күш қолдануға себеп дайын.

Болса қалай?

«Соғыс болмай-ақ қойсын» дейміз. Адамның жауы адам болғандай көрініп, соғыс ашқанымен, адамзат үшін нағыз жаудың соғыс екенін екі реткі дүние соғысы дәлелдеп тастады. Әлем елдерін алаңдататыны да сол, келіссөзге келгісі келмейтін екі ел соғысты таңдаса өңірлік қауіпсіздік бұған дейін болмаған ауыр жағдайға ұшырамақ. Себебі, Иранды бұрынғы Ирак, Ливия, Сүриямен салыстыруға мүлде болмайды. Бұл елдерге қарағанда Иранның әлеуеті әлде қайда жоғары, егер Батыстың экономикалық санкциялары болмағанда Сауд Арабияның орнына Орта Шығыстан шыққан «Үлкен Жиырмалық» мүшесі Иран болуы да мүмкін еді. Халқының саны да Сауд Арабиясынан екі есе көп және тұрғындары Сауд Арабиядағыдай мұнай саласына көбірек тәуелді емес. Яғни, ел экономикасы салыстырмалы көп салалы. Әскери қуаты да жоғарыда аталған елдермен салыстырғанда қуатты. Тіпті, кейбір салаларда Сауд Арабиясының армиясынан әлеуетті. Айталық, Шығанақ соғысы кезінде сыннан өткен теңіз күштері мен артиллериялық күштері бар. Бұған дербес жасалған зымыран қаруларын қосқанда болуы мүмкін соғыстың жеңімпазы аталмаса да, Құрама Штат үшін аз шығын емес.

Трамп қатаң позиция танытқанымен, түбегейлі соғысты қаламайтыны туралы Республикалық партияны қолдаушы америкалық басылымдар жазып жатыр. Әрине, қазіргі жағдайда шетелге әскер шығарып соғысу Трамп үшін тиімсіз екені айтпасада түсінікті. Ең бірінші себеп, АҚШ-тың келесі президент сайлауы. Бір президенттің екінші кезегін жалғастырмай кетіп қалуы, АҚШ тарихында жоқ десек те, 45-ші президент үшін сайлау нәтижесі маңызды. Оның үстіне кейбір мәселелерге байланысты Трамптың елдегі қолдауы әуелгіден төмендеп кетті.

Екіншіден, Трамп әкімшілігі бұрынғы АҚШ үкіметтеріне қарағанда әлем алдында сенімділікке ие емес. Еуропалық одақтастары да Трамптың кейбір шешімдеріне қарсы көзқараста. Оның үстіне Қытаймен арадағы сауда соғысы, Мексика шекарасындағы қорған дуалы, Ресеймен орта қашықтықтағы зымыран келісімінен шығу сынды қадамдарына байланысты одақтастарының, тіпті НАТО-да пікірі бірдей емес. Әрине, АҚШ-тың әскери базалары шабуылға ұшырап жатса, Тармп сайлау үшін соғыспаймын деп отырмайды.

Бірақ, Иранның да көзсіз тәуекелдікпен АҚШ базаларына бірінші шабуыл жасауы екіталай. ИИР қарулы күштері өңірде өз қуатын асыра көрсеткісі келгенімен, АҚШ-пен салыстырғанда өз шамасында анық біледі. Дегенмен, BBC мен VOA сарапшылар, қақтығыс болған күнде және ұзаққа созылған жағдайда Иранның бірқатар артықшылықтарының да бар екенін ескертеді.

Израиль мен Сауд Арабиясы Трамптың қатаң соққы беруіне де қарсы емес. Себебі, олар Иранды басты қауіпті жауы ретінде көреді. Иранның да оларға белгілі деңгейде қатер төндіріп отырғаны шын. Алайда, Испания, Германия, Голландия қатарлы еуропалық елдері АҚШ-пен одақтас ретінде Иранға қарсы әрекет жасамайтынын қазірден байқатып, Орта Шығыста АҚШ-пен бірге өткізуді жоспарлаған әскери шараларын тоқтатты. Демек, Иранға қарсы АҚШ-тың әскери одақтастары 2003 жылғы Ирак соғысы кезіндегідей болмауы мүмкін. Ирак соғысы құрлық соғысы деуге болады. Егер Иранмен қақтығысуға тура келсе, АҚШ ырықсыз түрде әуе және су үсті соғысына түседі. Теңіз және әуе күштері әлемді мойындатқанымен, географиялық тиімділік Иран жағында тұр.

Бұдан да басқа АҚШ үшін соғыстың тиімсіз болатынына себептер бар. Мысалы, Ресей мен Қытай сынды АҚШ-тың стратегиялық әріптестерінің ықпалы барған сайын күшейіп, әлем екі үйекке қарай қайта жіктеле бастаған тұста, Иранға қарсы соғысу АҚШ-тың мүддесіне пайдалы бола қоймайды. Оның үстіне Иранның әлем қауіпсіздігі үшін басты қатер екеніне де көп ел сене бермейді. Бұл АҚШ-ты әлем бейбітшілігін қорғаушы ретінде көрсетпесі анық. Сондықтан, Трамп үкіметі қалаған күннің өзінде Уашингтонның өзге билік күштері соғысты таңдай қоймасы анық. АҚШ базалары соққыға ұшырап жатса, сол деңгейдегі жауаптар қайтарылар, бірақ түбегейлі теке-тірес соғысының қисыны азырақ. Соғысты АҚШ та, Иран да бірдей қалап отырған жоқ. Тек, келісімге келгісі келмейтін бірқатар ұстаным мен көзқарас қайшылығы дағдарысқа тіреп тұр. Егер осының бәріне қарамастан қақтығыс болып жатса, соғысты кімнің бастағаны ешкімге маңызды болмай қалуы да мүмкін.

 

“The Qazaq Times”