9 маусымда болатын кезектен тыс президенттік сайлау кандидаттары арасында телепікірталас өтуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.
Абаев сөзінде: «Менің білуімше, теледебаттар болады. Және ол тікелей эфирде өтеді. Теледебат болғанда, кандидаттар өзара сөз таластырады. Оның қайда, қашан, қандай форматта өтетіні кейінірек белгілі болады. Әзірше, сұрақтар нақтыланған жоқ» – деді.
Осыған дейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров ҚР президенттігіне кандидаттар арасында теледидардан ашық пікірталас өткізу туралы ұсыныс қарастырылып жатыр деп мәлімдеген болатын. К.Петров сөзінде: «Президенттікке кандидаттар, оларды ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теледидардағы сайлау алдындағы пікірталастарға қатысуға құқылы. Ережеге сәйкес, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуінің кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу тәртібімен немесе өтініштер бір мезгілде түскен жағдайда жеребе бойынша белгіленеді», – деп мәлімдеген.
Қазіргі уақытқа дейін үміткерлер арасында теледебат өткізу туралы жалпы саны жүз қырыққа жуық ұсыныс-хат келіп түскен. Заңға сәйкес мемлекет сайлау алдындағы үгіт жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізудің тең шарттарына кепілдік береді. Сонымен қатар, үміткерлер БАҚ-қа ұсынған үгіт материалдары Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына сай болуы тиіс.
Еске сала кетейік, осы жолы ҚР ОСК жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы ұсынған кандидат Әміржан Қосанов, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.