Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасының консулдық бөлімі ашылады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев хабарлады.
Тұрғымбаевтың айтуынша, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұратын шетелдіктердің құқықтық мәртебесін реттеу бөлігіне қатысты мәселелерде 2012 жылғы ҚР мен ӨР Үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісім нормалары қолданылады. Ішкі істер министрлігі СІМ арқылы қайтып оралуға арналған куәлікті ресімдеумен байланысты мәселелерді шешу үшін Өзбекстан Елшілігінен едәуір қашық өңір ретінде Маңғыстау облысында Өзбекстан Республикасының өкілдігін ашуды ұсынған. Осыған орай биыл Ақтау қаласында консулдық бөлімін ашу туралы шешім қабылданған.
Айта кетер жайт, осыған дейін мәжіліс депутаттары Өзбекстан мен басқа елдерден келетін еңбек мигранттарының мәселелерін шешуді сұраған болатын. Осы мәселеге байланысты олар бірнеше құзырлы ведомствоға хат жолдаған. Қазақстанда 2014 жылы еңбек мигранттары үшін үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат берілді. Алайда, бұл заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға көмектескенімен, құқық бұзған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды елден мәжбүрлеп шығаруды реттеуде кемшіліктер артқан. Ал бұл мәселелерді алдағы уақытта жаңа консулдық шешпек.