Көзқарақты жұртқа белгілі болған соңғы әлемдік елеулі саяси-экономикалық жаңалық Трамптың Қытай тауарларына қатысты жаңа шешімі. АҚШ президенті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы, осы аптаның жұма күнінен бастап Қытайдың Құрама Штатқа кіретін 200 млрд доллар құнына ие тауарларына 25 пайыз кеден бажы салығын салатынын жеткізді. Содан бері әлемдік қор нарығында да жағдай аумалы-төкпелі.
Сарсаңға салған келіссөз
Трамп бұл шешімге келуіне оның экономикалық кеңесшісінің Бейжің сапары себеп болды деуге болады. Ол Трампқа Қытай тарабы шешуші кезеңде «қоян бұлтаққа» салғысы келген. «Біз үнемі алға жылжып келеміз. Қытайдың бұл әрекеті президент үшін тым қолайсыз жағдай әкеледі», – деген Трамптың сауда кеңесшісі Роберт Лайтхайзр (Robert Lighthizer). Ал, АҚШ президенті тарифтерді жоғарлату арқылы айлар бойы жалғасатын сауда соғысына дайын екенін көрсетті.
Трамптың шешімінен кейін кейбір ықпалды америкалық басылымдар Бейжің тарабы осы аптадағы келіссөзге делегация жібермейтініне бал ашқан еді. Олай болмай шықты. Қытай Сауда министрлігі кеше түстен кейін өз делегациясын Уашингтонға аттандыратынын хабарлады және олар бейсенбі, жұма күндері америкалық әріптестерімен сауда келіссөзіне отырады.
Трамп өзінің ескертуінде, кезекті тарифтік шаралар Қытайдың АҚШ-тағы барлық экспортына бағытталатынын анық байқатты. Екі елдің сауда келіссөздеріне қатысушы тұлғалардың The New York Times басылымына берген мәліметіне қарағанда, Қытай тарабы америкалық кәсіпорындардың тең құқығы қарым-қатынаспен қамтамасыз етілуін болдырмауға тырысқан. Бұл әрекет президент Трамптың шамына тисе керек.
Дегенмен, екі елдің келісімге келуіне әлі де орай бар. Трамп та бұл орайға «құрметпен қарады». Ол Қытай тауарларына тарифтерді көтеру туралы шешімін жұма күннен бастап атқаратынын айтты. Жұмаға дейін екі елдің сауда өкілдері келіссөз өткізеді. Егер Қытай тарабы қисайған жағында жатып алса, АҚШ-тағы экспорты 25 пайыздық тарифке тап болады. Ал, келісілген мазмұнды қабыл алса онда Ақ үй тарифтерді жоғарлату мәселесін қайта қарайды. Бірақ, АҚШ қазына министрі Стивен Мнучин тараптардың осы аптадағы келіссөзіне зор үміт күтіп отырғанын білдірді.
Мәселенің тағы бір қыры
Шынын айтқанда, Трамптың мұндай қатаң шешім шығаруы оның үкіметінің тап болып отырған саяси жағдайының да ауыр екенін түсіндіріп тұр. Қазір, Трамп үкіметінің басында бірқатар ауыр сындар қатар төнгендей. Соның ең негізгісі – Трамп басшылық етіп отырған Ақ үй америкалық өндірушілерді, тұтынушыларды, заң шығарушыларды және бизнес өкілдерін Қытаймен қол жеткізетін келісім шынымен де сауданың «супер ойын алаңын» алаңын қалыптастырып, Құрама Штаттың барынша қолайлы экономикалық жағдайға жеткізетініне сендіру.
Трамп бұл үшін Қытаймен сауда қатынасы туралы мәлімдемелерінің көбінде, сауда соғысының соңғы пайдасын көруші Құрама Штат болатынын айтып келеді. Әрине, оның белгілі жақтан шындығы да көрініп жатыр. Бұны Трамп үкіметі талай рет сандық мәліметтермен де көрсетіп берген. Сонымен қатар, Трамп сауда соғысының бастапқы қиыншылықтарынан көрі жемісі, Америка мүддесі үшін әкелетін пайдасының көп болатынын да көбірек айтады.
АҚШ президенті дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде, Қытайға Құрама Штаттармен болған сауда қатынасын қайта реттеуі, біржақты экспорттаушы ретіндегі орынын жоюы керек деп ескертті.
Трамп шешімінің ықпал-әсері
Трамптың Қытай тауарларына 25 пайыздық тариф белгілеуінен кейін, дүйсенбіден бастап жаһандық қор биржасында құлдырау пайда болды. Дүйсенбі күннің биржа базары ашыла салысымен Standard & Poor's 500 индексі 1 пайыздан астам төмен көрсеткішпен басталды. Бірақ, біртіндеп жоғарлады да, сол күні түстен кейін 0,5 пайызға дейін төмендеп барып тұрақтады.
Ал, ірі инвесторлар сауда соғысының ұзаққа созылуынан алаңдауда. Шын мәнісінде Трамптың Қытай тауарларына жоғары тариф енгізуін санкция ретінде қарауға да болады. Себебі, АҚШ базары Қытай экспортының басым бөлегін ұстайды. АҚШ-тың жоғары кеден салығынан жекелеген және мемлекеттік өндірушілерін қорғау үшін Қытай қыруар тауарларын субсидиялауға мәжбүр болады. Бұл Қытайдың көршілес елдерге экономикалық қатынастарын түрлі жақтан күшейтуі мүмкін. Оның да оң және теріс ықпалдары бар.
Ең әуе оң ықпалдары туралы айтып көрелік. Кейбір тәуелсіз сарапшылардың пікіріне сенсек, АҚШ-тың жоғары тарифтерінен айналып өту үшін Қытай басқа елдер арқылы өз тауарларын сатады. Қытайдың өндірісін орасан зор шығындардан аман алып қалу үшін Орта Азия, Ресей немесе Еуропа елдері арқылы тауар сатуға тырысады. Бұл шағын өндірістердің көршілес елдерге «қоныс аударуын» қалыптастыруы да мүмкін. Анығырақ айтқанда, өндірістің тұралауынан аман қалу үшін қытайлық өндірушілер көршілес елдерде өндіріс базаларын құра басайды. Бұл сол елдердегі өндірісті белгілі дәрежеде дамытып, жұмыссыздық және әлеуметтік жағдайларға өзіндік оң ықпалын да көрсетуі мүмкін.
Ал, оның кері әсері туралы айтқанда, Қытайдың өндіріс орындарымен бірге оның мамандары, жұмысшылары көршілес елдерге көбірек кіреді. Өндіріс орыны сол елде болғанымен, пайданың басым бөлегі Қытайдың өзіне құйылып, шағын елдер экологиялық, қазба байлық жағынан зардап шегеді. Мүмкін оның әлеуметтік-саяси тұрақсыздыққа да ықпалы бар.
Қытай экономикасының құлдырауы
Қазір Трамп шешімі Қытайдың «қоян бұлтаққа салу» әрекетін жазалау ретінде қабылданып жатқаны белгілі. Әрине, әлемдік еркін әрі тең әріптестік қатынастар үшін Бейжіңнің сауда-экономикалық саясатын тәртіпке салған пайдалы. Ал, Трамп үкіметінің мәліметіне сенсек, сауда соғысы Қытай экономикасы үшін аса қауіпті. Егер сауда соғысы ұзаққа созылса бұл даусыз Қытай экономикасының тұралауына алып келеді деп қарайды. Шынында солай болса, бұл әлем экономикасына да үлкен дағдарысты елестетеді. Әлемнің алдынғы екі экономикасы тұтас әлем экономикасында маңызды рөл ойнап тұрғаны анық. Осы екі экономика арасындағы сауда соғысы өндірісті азайтып, тауар тапшылығын тудыратынын әу баста экономикалық сарапшылар айтқан.
Қытайдың саяси, әскери, әсіресе экономикалық агрессиясы бізді қатты алаңдататыны рас. Дегенмен, Қытай экономикасының тұралауы жалпы Орта Азия елдері үшін де оң ықпал етеді деу қиын. Бұл Қытайдың ішкі-сыртқы саясатын жақтағаннан емес, қазіргі ғаламдық жымдасқан экономикалық қатынасы тұрғысынан да солай. Қытай экономикасының құлдырауы мыңдаған емес, бірнеше жүз миллиондаған халықтың әлеуметтік дағдарысынан дерек береді. Әлеуметтік тұтыну тауарларында Қытайға мықтап байланып қалған көршілес елдер үшін бұл салмақты соққы болып тиеді.
Қытай билігі өзіне келетін қауіпті сезінген сайын ел ішінде бақылауды барған сайын күшейтіп келеді. Қатаң режимдегі бақылау экономика құлдыраған сайын күшейе түсетінін әлемдегі бірқатар елдер көрсетіп отыр. Себебі, әлеуметтік жағдайы төмендеген халықтық билікке деген наразылығы күшейеді, бұл әлеуметтік толықуларға апармақ. Қытай режимі өзінің қуатты әскери күші арқылы қалың халықтың толқуын күшпен басуға әрекет етері шын. Әсіресе, қатаң режим ондағы этникалық азшылықтарға қысым тіпті арта түспек.