Пәкістанда адам саудасымен айналысқан 10 қытайлық тұтқындалды. Оларға пәкістандық жас қыздарды күштеп некеге тұрғызған және Қытайда жезөкшелікпен шұғылдануға мәжбүрлеген деген айыптар таққан.

Бұндай мәліметті Пәкістанның Пенжап провинциясының орталығы Лахор қаласындағы Тергеу жөніндегі федералдық бюросы мәлімдеген. Аталған құзырлы органның аға қызметкері журналистерге, жезөкшелік және адам саудасымен айналысатын қылмыстық топты тексеріп тапқанын жеткізген. Мәліметте айтылуынша, қылмыстық топ құрамында 10 Қытай азаматы және 4 пәкістандық бар.

Тұтқындалған қытайлар. Фото: The News Tribe.

Ұйымдасқан қылмыстық топ жас қыздарды қытайлық азаматтарға мәжбүрлі және алдап-арбау арқылы некеге тұрғызған. Соңынан оларды Ішкі Қытай қалаларында жезөкшелікпен айналысуға итермелеген. Федералдық тергеу бюросының өкілдері жасаған мәлімдемеде, қамауға алынғандар арасында бір қытайлық және бір пәкістандық «жеңгетай» әйелдер де бар.

Қытайдың Исламабадтағы бас елшілігі қылмыстық әрекетке қарсы тұру үшін Пәкістан қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсететінін мәлімдеген. Сондай-ақ, Қытайдың ақпарат құралдары Пәкістандағы қылмыстық топтың Қытайдағы серіктері де тұтқындалғанын хабарлаған.

Пәкістан тарабы қылмыстық топ мүшелерін ұстап, қылмысты әрекеттерді ашу үшін қауіпсіздік қызметкерлеріне тұратын арнайы топты Қытайға жіберуге дайындалуда.

Қытай азаматтарымен қатысты адам саудасы, әйелдерді жезөкшелікке мәжбүрлеу, мәжбүрлі неке және неке саудасы сынды әрекеттері бұған дейін Қытайға көршілес бірнеше елде болған. Айталық, Солтүстік Корея, Вьетнам елдерінде мәжбүрлі немесе неке саудасымен айналысатын арнайы «агенттіктер» бар екені белгілі болған. Бұл елдерде Қытай азаматтарына мәжбүрлі некеге тұрған әйелдердің соңында адам саудасының құрбанына айналғандары да бар.

 

“The Qazaq Times”