Қырғызстанда уран кенін ашуға қарсы наразылық акциясы жалғасуда. Бішкекте шеруге жиналғандар бүкіл ел көлемінде уран кендерін жабуды талап етуде.
Қырғыз билігі уран кенін барлап-ашуға берген рұқсатын қайтарып алғанын, Қызыл-Омпол кенін толығымен жабуға шешім қабылдағанын айтқан. Бұған қарамастан наразы топ алаңға жиналды және үкіметтен уран кенін жабу туралы шешімді көрсетуді талап етті.
Наразы топ «ЮрАзия» атты компанияның Қызыл-Омполдағы уран кенін заңсыз ашып келгенін, бұған үкіметтің көз жұма қарағанын айыптады. Бұл іске жоғар прокуратураның тиісті шара қолдануын талап етті.
Бұдан екі күн бұрын вице-премьер кен аймағына барып, Балықшыдағы жергілікті наразы топпен кездесу өткізген болатын. Жергілікті тұрғындар бұған дейін заңсыз ашылған кендерді толығымен жабуды және заң бұзушылық істеріне тиісті жаза қолдануды сұраған.
Қырғызстанда Кеңес кезінде ашылған уран кендерінен зардабы айықпаған аймақтар бар. Қырғызстандағы кейбір қоғамдық ұйымдар мен оппозициялық партиялар ел көлемінде уран кенін барлау мен ашуды 2070 жылға дейін шектеу туралы заң жобаларын ұсынған болатын.