Ақ үй баспасөз қызметі кеше кеште АҚШ-Қытай сауда келіссөзі туралы жаңа мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде, сауда қайшылықтарын жою үшін келіссөздердің келесі раунды 30 сәуір күні Бейжіңде өтетіні мәлім болды. АҚШ тарабынан келіссөз делегациясын Ақ үй экономика жөніндегі кеңесшісі Роберт Рейтхейзр мен Қаржы министрі Стивен Мнучин бастап бармақ.
АҚШ-тың келіссөз делегациясын Қытайдың вице-премьері Лю Хы күтіп алады. Вице-премьер Лю 8 мамыр күні Қытай сауда делегациясын бастап Уашингтонға барады. АҚШ пен Қытай үкіметтерінің аталған жоғары лауазымдылары былтырдан бергі сауда келіссөздерін өткізіп келеді. Әрі, олар бастаған делегациялар Уашнигтон мен Бейжіңге кезек-кезек сапарлап жасады.
Келіссөз тақырыбында әлі де өзгерістер жоқ – жыл басынан бергі талқылаған тақырыптар алда да талқыға салынады. Дегенмен, «Рейтер» агенттігі кеше Ақ үй экономика жөніндегі кеңесшісінің келіссөздердің прогресіне риза екенін айтты.
Дегенмен, Ұлттық Экономикалық Кеңестің директоры Ларри Кудлоу өзінің мәлімдемесінде: «Келіссөздің нәтижесі толықтай біз ойлағандай болмады, алайда, біз жоғары нәтиже жарата алдық. Кезекті сауда келіссөзі арқылы АҚШ пен Қытай үкіметтері бұрынғыдан да тереңірек диалогқа келе алды», – деген.
Ол және: «Біз келісімге қол жеткізуге жақын қалдық. Бұл рет құрылымдық мәселелерді шешуге және технологиялар трансферті мәселелерін шешуге тырысамыз. Сондай-ақ, меншік құқығының іске асырылу механизмі өте маңызды, ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік тауар айналымына кедергілерді азайту мәселесі осы рет шешім табатын болады», – деді. Ұлттық Экономикалық кеңестің директоры екі ел арасында әлі де түбегейлі шешуге тиісті проблемалардың бар екенін де ескертеді.
АҚШ пен Қытай бір жылдан бері сауда соғысын жүргізіп келеді. Келіссөз кезінде Қытайға қарсы ақпараттық, әскери, саяси қысымдар да жасалғаны белгілі. Айталық, Оңтүстік Қытай теңізіндегі АҚШ әскери кемелері, Қытайдағы адам құқығы мәселесі, ұлттық автономиялардағы жаппай қуғын-сүргінге қарсы адам құқығының сақталуын талап ету қатарлы. Соның өзінде, АҚШ-тың Қытайға түбегейлі қысым түсірмейтіні жыл басынан бергі келіссөздерден көріне бастады. Айталық, Бейжің тарабы қос тарапқа бірдей пайдалы болған сауда келісімін жасап, Құрама Штаттардың талабын белгілі деңгейде қанағаттандырған жағдайда, Бейжіңге қарсы қысымдар бәсеңдеуі де мүмкін. Бұл Қытайдағы аз санды ұлттардың мәселесіне АҚШ тарабының түбегейлі араласпайтынын көрсетеді.