Іштегі нәрестенің қыз екенін білгеннен кейін оны ана құрсағынан алып тастаудан, яғни аборттан әлемде 23 млн нәресте өмір есігін аша алмай кеткен. Салыстыра айтқанда, бұл сан Қазақстан халық санынан 5 млн адамға көп, тұтас Аустралияның халық санына тең. Бельгия мен Куба халқынан екі есеге, Дания мен Финляндия халқынан төрт есеге көп. Мұндай масштабты зерттеу қорытындысы осы аптада АҚШ Ғылым академиясының журналы жария етті.

Зерттеушілер дүниеде соңы он жылдағы туу туралы мәліметтерді зерттеген. Нәтижесінде кейбір елдерде жаңа туған балалардың жынысына байланысты үлкен айырмашылықтардың бар екенін тапқан. Яғни, соңғы жылдары дүниеге келген ұл балалардың саны өсіп, қыз балалардың саны  азайын кеткенін анықтаған.

Бұндай үрдіс әлемнің 11 елінде ең жоғары деңгейде. Оның үшеуі пост-кеңестік елдерге жатады – Грузия, Армения және Әзірбайжан. Бірақ, бұл үрдістің асқынған жері – Қытай мен Үндістан.

Орта есеппен алғанда өмірге 100 қыз бала келген уақытта, жаңа өмір есігін ашақан ер жыныстының саны 105 шамасында болады. Бұл сан жыл сайын өзгеріп отырады. Бірақ, қалайда ер балалар көптеп дүниеге келіп жатқаны айқын көрінеді. Қытайда 2005 жылы жаңа туған 100 қызға, 118 ұл бала тура келген, қазіргің өзінде бұл көрсеткіш 114-тен төмендеген емес. Алайда, жынысына қарап «түсік жасатуда» Үндістан көш бастапты. Жалпы осы үрдіс көбіне-көп Азия елдеріне тән екені де белгілі болған.

Іштегі нәрестенің жынысын анықтау бұдан 40 жыл бұрын жарыққа шыққан ғылым жетістігі. Алайда, бұл жынысына қарап аборт жасату үрдісін әлемге таратты. Сондықтан кейбір мемлекеттер бұған қарсы заң қабылдап, іштегі нәрестенің жынысын анықтауға тыйым да салған. Аборт жасату үшін айыппұл салу жазасы да заңға енгізілген.  

“The Qazaq Times”