Әлемнің бірқатар елінде мемлекет басшыларының отбасы мүшелерін, туған-туыстарын билікке тарту үрдісі күшейіп барады. Бұл үрдісте пост-кеңестік елдер көш бастап келеді. Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтың кіші қызы Шахнозаның Білім беру министрлігінде басқарма төрағасы болып отырғаны белгілі еді. Жақында елдегі оппозициялық басылымдар президент Мирзиеевтің үлкен қызын Ақпарат және коммуникациялар агенттігінің директоры етіп тағайындағанын жазды.

Мирзиеевтер. Мирзиеевтің екі қызы және бір ұлы бар. Фото: BBC/GETTY IMAGES.

Шавкат Мирзиеевке дейін де Өзбекстан билігі бір отбасыға тәуелді болып келгені белгілі. Мемлекеттік қызметтегі қандай да бір кланның басында немесе құзіреті бар креслоларды марқұм президент Ислам Каримовтың жақын туыстары иелеп келген. Гүлнара Каримова Өзбекстанның Испаниядағы төтенше әрі өкілетті елшісі болып тұрған. Президент Мирзиеев кезінде коррупцияға байланысты айыпталды. Бүгінгі таңда Өзбекстанда Мирзиеев дәуірі орнап келе жатқанға ұқсайды.

Орта Азия елдерінде  

Көптеген елдердің Конституциясы  ел басшысының өз туыстарын жоғары лауазымды қызметке тағайындауына мүмкіндік бермейді. Алайда, өз жақындарын жоғары лауазымға жеткізу үшін ата заңды айналып өткен ел басшылары да жетерлік. Бұл жағдай әлемнің бірқатар елінде болғанымен, Орта Азияға көбірек шоғырланған. Орта Азиядағы билік иелерінің қоғамдық пікір мен елдің заңын түрлі тәсілмен айналып өтіп, династиялық жолға бет алған әрекеттер көп.

Әзірбайжанның қазіргі президенті Илхам Алиев билікке мұрагерлік жолмен жеткені елге мәлім. 2016 жылы ол ел Конституциясына өзгерістер енгізіп, Бірінші вице-президент және Вице-президент лауазымдыларын жасады. Бұның соңынан ол өзінің жұбайы Мехрибан Алиеваны вице-президент етіп тағайындаған болатын.

2016 жылы Тәжікстан президенті Эмомали Рохмон қызы Озоданы Президент аппаратурасының жетекшісі ретінде тағайындады. Озода Рохмон бұған дейін де лауазымды қызметтен шет қалған емес-ті. Ол 2016 жылға дейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарып келген. Озода Рохмонның күйеуі Жамолиддин Нуралиев Ұлттық банк жетекшісінің орынбасары. Президент Рохмонның ұлы Рустам болса ТМД елдеріндегі ең жас генерал болып саналады. 30 жастағы Рустам Эмомали Тәжікстан президентінің ең үлкен ұлы. 2017 жылы орталық қала Душанбенің қала әкімі болып тағайындалса, қазір Коррупцияға қарсы агенттікті басқарып келеді.

Президенттің өз жақынын билікке алып келу әрекеті сәтсіздікке ұшыраған орта азиялық бір ел болса – Қырғызстан. Қырғызстанда бұндай жағдай тек елден қуылған президенттері тұсында ғана болды. 2005 жылы президент Асқар Акаев ұлы мен қызын парламентке алып келді, алайда көп өтпей отбасымен бірге елден шығып кетуге мәжбүр болды. Құрманбек Бакиев тұсында жақындарын билікке әкелу кең ете ала бастаған болатын. Алайда, Бакиев билігінің құлауымен бұл үрдіс те тоқтап қалды.

Алыс шетелдерде

Аты Республика болғанымен династиялық жолмен басқарылып келген елдердің бірі – Солтүстік Корея. Көп жылдан бері Корей Халықтық Демократиялық Республикасын Ким әулеті билеп келеді. Елдің ең негізгі билігін Ким әулетінің немесе жекжат-жұраты иелейді. Бұған қарамастан елдің ең жоғары басшысы тарабынан жақын туыстарын аяусыз жазаға кесу істері де болып тұрады. 2013 жылы КХДР басшысы Ким Жоң Ун жездесін жоғары лауазымды қызметінен алып тастады және көп өтпей өлім жазасына кесті.

Трамптың қызы мен күйеу баласы. Фото: GETTY IMAGES.

Жақындарына лауазым ұсынудан демократиялық құндылықты ұран еткен Батыс елдері де шет қалған жоқ. Дональд Трамптың АҚШ президенті болуы АҚШ билігінің тарихындағы бірқатар «жаңалықтарды» алып келді. Президент Трамп Ақ үйдегі орындығына жайғаса салысымен күйеу баласы Жаред Кушнерге Ақ үйдің Бас кеңесшісі лауазымын ұсынған еді. Бұл АҚШ-та наразылық тудырған істердің бірі болып қалды.

Қазақстанда

Қазақстандағы жағдай көзқарақты көпшілікке белгілі. Ел басшысының туған-туыстары жоғары лауазымды қызметте отыруы заңдылық қатарлы қабылданып бара жатқандай. Біздің елде қыздарын, күйеу балаларын өзіне жақын маңызды орындарға тағайындау шырқау шыңына жетіп болып, енді кезек немерелерге келгендей. Онсыз да бірқатар батыстық ақпарат құралдары Қазақстанды билігі династияға айналып бара жатқанын айтып, жазып жатыр. Қадірлі Конституциямыздың өзінде тұңғыш президентке, оның отбасына қатысты ережелеріміз бар. Бір сөзбен айтқанда ел билігін бір отбасының қолына табыстауда қазақ елі әлемде алдына қара салмай келеді.

Халықаралық қауымдастықтың мінберінде жасаған мәлімдемесінің бірінде Қазақстанның тұңғыш президенті Н. Назарбаев: «Мен өз халқыма ризамын», – деген еді. 30 жылға жуық уақытта халық санының ішкі өсімі толық 5 миллионға да жетпеген, басында 158 млрд доллардан астам қарызы бар халқы, билеуші әулеттің ризалығын алу үшін тағы не істеп берсек екен?!

“The Qazaq Times”