Украина Ресейді халықаралық сотқа берді.
Елдің сыртқы істер министрлігі Ресей 2018 жылы қарашада Қара теңізде ұстаған теңізшілерді босату талабымен теңіз құқығы жөніндегі халықаралық сотқа жүгінді. Украина президенті Петр Порошенко өзінің Фейсбук парақшасында: «Жақын арада халықаралық сот әділ шешім шығарып, Ресей украин теңізшілерін босатады деген сенімдеміз. Ресейдің тұтқында ұстап отырғандарды босатуға әлі де мүмкіндігі бар. Болған оқиғадан кейін сот Кремль халықаралық қылмыс жасады деген шешім шығаруы тиіс», – деп жазды.
Киевтің сотқа арыздануына қатысты Ресей СІМ: «Теңіз құқығы бойынша халықаралық соттың Қара теңіздегі жағдайды қарауына еш құзыры жоқ», – деген жауап қайтарды.
25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ал Мәскеу украиндық кемелер Ресей шекарасын бұзды деп айыптады. Осы жағдайдан кейін, 20 желтоқсанда АҚШ тарапы Ресейдің «агрессиялық саясатына» қарсы қарар қабылдаған болатын. Киев пен Мәскеу текетіресіне қатысты қабылданған АҚШ Сенатының резолюциясы халықаралық деңгейде танылған шекаралар бойынша екі жақты келісімдерге қолдау көрсетуге және Керш бұғазы мен Азов теңізі арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сенаторлар мұндай қадам «Ресейдің шамадан тыс аумақтық қақтығыстарына тойтарыс береді» деп санайды. Бұған қатысты Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон: «АҚШ пен біздің одақтастарымыз Керш бұғазындағы Ресейдің әскери агрессиясына тез арада батыл қадам жасау арқылы жауап береді. Халықаралық теңіз операциясын жүргізу Қара теңізден Азовқа дейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс», – дейді.
«Украина – еркін әлемге қарсы Владимир Путин бастаған күрес майданының алдыңғы қатарында. Украина Америка немесе Еуропаға олардың орнына соғыс жүргізуді ешқашан сұраған емес. Украиндықтар біздің көмекке мұқтаж және оған әбден лайық», – деп мәлімдеді АҚШ Қарулы Күштер комитетінің басшысы, сенатор Инхоф. Керш бұғазындағы кемелерді басып алу, оның пікірінше, Ресей – Украина қақтығысының қауіпті эскалациясы.