АҚШ Мемлекеттік департаментінің желілік қауіпсіздік жөніндегі арнайы өкілі Роберт Страйер Қытайдың 5G технологияларына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Құрама Штаттарды 5G желілерінің негізгі интеграторлары арасында қытайлық компаниялардың болғаны алаңдатып отыр.

Роберт Страйер сәрсенбі күні 5G технологиясы туралы өткен конференцияда 5G және кибер-қауіпсіздік мәселелеріне тоқталды. Ол Қытайдың 5G технологиясы кибер-қауіпсіздікке қиындықтар алып келетінін ескертті. Страйердің айтуынша, Қытай технологияларының бағасы арзан болғанымен, ұзақ мерзімдік қауіпсіздік жөнінен алғанда қайшылықтар көп.

Мемлекеттік департаменттің өкілі сөзінде: «Біз 5G технологиясын жалпыластыратын елдер үшін, сол өнімді беруші компанияның штаб-пәтері орналасқан ел және компания мен ол елдің үкіметі арасындағы байланысқа баса назар аударуы керек деп қараймыз. Егер, Қытайдың барлау және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі заңдарын қарайтын болсақ, бұл заңдар Қытай билігіне ұлттық мүдде үшін компаниялар арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін көреміз. Әрі, компания Қытай Коммунистік партиясымен құпия түрде жұмыс істеуге міндетті екенін байқаймыз», – деп ескертті.

АҚШ тарабы шетелдік үкіметтерден желілік қауіпсіздік мәселесінде Германияға ұқсас қатаң талаптарды жолға қоюын үміт етіп отыр. Әрине, 5G технологиясын жолға қоятын елдердің бәрі дерлік Германия үкіметіне ұқсас қатаң талаптар қойса, бұл талаптар Қытайдың «Хуавей» секілді технология компанияларының жолын жауып тастамақ.

АҚШ әсіресе өзінің одақтастарының қытайлық технологияларды пайдалануынан қатты алаңдайды. Себебі, бұл АҚШ-тың өз одақтастарымен кейбір қауіпсіздікке қатысты ортақ әрекеттерге зиян келтіреді деп қарайды. АҚШ өзінің еуропалық одақтастарын қытайлық Huawei компаниясы өндірген жабдықтарды пайдаланудан бас тартуға шақырып келеді. Керісінше өзінің технологияларынан алға тартады. Алайда, әлемдегі ең ірі телекоммуникация компаниясының бірі саналатын Huawei АҚШ-тың таққан айыбын теріске шығарып келеді.

Жанашырлық па, бәсеке ме?

5G технологиясының жалпыласуы адамзат қоғамына жаңа мүмкіндіктерді алып келеді. Қарапайым сіз бен біз үшін бұл бір қолайлы, қызықты жаңалық болғанымен, алпауыт өндірушілер үшін жаңа базардың ашылуы дегенді білдіреді. Адамдарды жаңа әрі қызықты, сиқырлы технологияға еліктірудің артында тау-теңіз табысқа батуға дайын тұрған әлемдік державалар да бар.

Әлемге жаңа технология пайда болды деген сөз – жаңа бәсеке мен қайшылықтардың да, тіпті ойлап жетпейтін қауіп-қатерлердің де келуі дегенді білдіреді. 5G технологиясы жалпыласа сала ұялы телефондар, ойыншықтар, компьютерлер, телевизорлар, ойын-сауық орталықтары, қысқасын айтқанда өте көп түрлі тұрмыстық бұйымдар жаңарады. Әлемде бірнеше миллиард, тіпті одан да көп адам ескі технологиядағы жабдықтарын тастап, жаңасына қарай ұмтылады, ақшасын сарып етеді. Міне бұл технология алыптарының күтіп отырған "Алтын дәуірі". 

Миллиардтаған қаржы жүрген жерде бәсеке де, қайшылық та жоғары болады. Сондықтан, бұл жерде АҚШ пен Қытайдың технология саласындағы бәсекесін де естен шығаруға болмас. Қытайлық компанияның ұзақ мерзімдік қауіпсіздікке төндіретін қатерін жоққа шығармаймыз. Алайда, тұтас әлем бір ғана АҚШ-тың жоғары технология жабдықтарын пайдаланғанда өзге мемлекеттердің ұлттық мүддесіне қатер келмейтініне де ешбір кепілдік жоқ. Сондықтан да, АҚШ пен Қытайдың технологиясы бәсекелес тағы бірнеше елдердің технология алыптарының дамуы аса маңызды.  

“The Qazaq Times”