Кеше АҚШ Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, Түркияға F-35 жауынгерлік ұшақтарының бөлшектері мен нұсқаулықтарын беруді тоқтатқанын хабарлады. Бұл АҚШ-Түркия арасындағы соңғы саяси қайшылықтарды тағы бір сатыға көтерді.

АҚШ тарабы соңғы бірнеше айда Түркияға ресейлік S-400 зымыран қорғаныс жүйесін сатып алудан бас тартып, америкалық қорғаныс жүйесін пайдалануды талап етіп келген. Егер Түркия Ресей қорғаныс жүйесін сатып алуды жалғастырса F-35 жауынгерлік ұшақтарын пайдалану мүмкіндігін шектейтінін ескерткен еді.

Түркия  F-35 жауынгерлік ұшақтарын өндіру мен пайдалануға қатысқан санаулы елдің бірі. Сондай-ақ, Құрама Штаттардың НАТО ұйымындағы одақтасы. АҚШ осы жазда Түркияға беруге тиісті F-35 ұшақтарына қатысты бөлшектері мен нұсқаулықтарын жеткізуді тоқтатты. Бұл Түркияның Ресей қорғаныс жүйесін пайдалануына қарсы алғашқы нақты шара деуге болады.

АҚШ тарабы Түркияға Ресей қорғаныс жүйесі НАТО мүшелері пайдаланатын зымырандар мен оған қарсы жүйелерге үйлеспейтінін, тіпті F-35 ұшақтарына да қауіп төндіруі мүмкін екенін бірнеше рет ескерткен. Түркия президенті Ердоған наурыздың бас шенінде бұған қатысты мәлімдеме жасап, Түркияның Ресейден зымыран қорғаныс жүйесін сатып алуы, ұзақ уақыттан кейін жасалған шешім екенін, әрі бұл шешімді өзгертпейтінін айтқан. Тіпті, керек болған жағдайда Ресейден S-500 жүйесін де сатып алатынын айтқан.

Түркия аталған орыс қорғаныс қаруын сатып алу шешіміне Сүрия соғысынан кейін келген. Сүриядағы қақтығыс басталған кезде Түркия өз кеңістігіне зымыран шабуыл қауіптерінің төнгенін НАТО-ға бірнеше рет айтқан. Алайда, НАТО тарабы Италия мен Шығыс Еуропадағы зымыран қорғаныс жүйелерін Түркияға жеткізуді түрлі себептермен кешіктірді. Түркия НАТО-ны қажет кезінде әуе кеңістігімізге төнген қатерге қарсы әрекет етпеді деп айыптап, ресейлік қорғаныс жүйесін сатып алу шешімін жария еткен болатын.

“The Qazaq Times”