Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен ресми кездесуден кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп Голан қорғанын Израильдің меншігі ретінде мойындайтын құжатқа қол қойды. Халықаралық қауымдастық қазірге дейін Голан қорғанын еврей елінің территориясы деп мойындаған емес. Трамптың бұл ісі үшін өз кезегінде еврей елінің басшысы шексіз алғысын білдірген.
Голан аймағы Израиль мен Сүрия арасындағы таласты аймақ. 1967 жылғы алты күндік соғыста Израиль бұл аймақты басып алған. 1981 жылға келгенде Израиль Голан қорғанын өз территориясы ретінде атай бастады. Бұл рет Құрама Штат аталған таласты территорияны еврейлер жағына жығып бергенімен қоймай, президент Трамп сөзінде: «Бұл шешім ондаған жыл бұрын қабылдануы керек еді», – деген.
Бұл аймақтың иелік құқығы туралы Еуропа Одағының Майя Косянчич ресми мәлімдеме жасап, ЕО Голанды ежелден Израиль территориясы деп танымайтынын айтқан. Қазір Голан қорғанында 30-ға жуық израильдік елді мекен бар, оларда шамамен 20 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Халықаралық ережелерге негізделгенде бұл елді мекендер заңсыз деп саналады. Таласты аймақта еврейлермен қатар сүриялықтарда тұрады.
Парсы шығанағындағы араб елдері – Сауд Арабиясы, Кувейт, Бахрейн АҚШ-тың бұл шешімін айыптады. Бұған дейін Ресей СІМ-і арнайы мәлімдеме жасап, Голан аймағын Сүрияға тиесілі екенін айтқан. Түркия Сыртқы істер министрлігі де Трамп шешіміне қарсы шығып, БҰҰ арқылы АҚШ шешіміне қарсы әрекет жасайтынын мәлімдеді.
Сүрия билігі Трамптың шешімін өз шекарасына қол салу деп бағалады. Ал, осыдан 3 жыл бұрын Израиль билігі Голан қорғанын еврей мемлекетінің территориясы ретінде ресми жариялаған болатын. Ол тұста АҚШ президенті Барак Обама Израиль әрекетіне алаңдаушылық білдіріп, мәселені БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне қаратқан еді.