Жексенбі күні Францияға ресми сапармен барған Қытай басшысы Ши Жинпиң Франция президенті Эммануэль Макронмен кешкі аста бірге болды. Қытай басшысының Франция сапары кезінде сол елдегі ұйғыр мен тибет ұлтының бірқатар өкілдері наразылық акциясын өткізді.
Қытай басшысы Италия мен Монако сапарынан кейін 24 наурыз күні Францияның Жерорта теңізі жағалауындағы Блоуе атты шағын курорттық қалашығына келіп, Франция президентімен кешкі ас үстінде кездесу өткізді.
Макрон өзінің «Твиттер» парақшасында кездесу туралы мәлімдеді және Қытай басшысы мен оның ханымының Францияға сапарлай келгеніне қуанышты екенін білдірді. Сондай-ақ, бұл сапар екі ел арасындағы байланысты нығайтып, ЕО және Францияның Қытаймен болған стратегиялық әріптестік және әлем алдындағы көпжақты қатынасын дамытады деп бағалаған.
Қалыптан тыс күшейтілген қауіпсіздік
Қытай басшысының Франция сапары кезінде Жерорта теңізі жағасындағы аталған қаланың қауіпсіздік бақылауы күшейтілді. Француз полициялары теңіз бен жағалауды тынбай шарлап тұрғаны ақпарат құраларының назарын көбірек аударды.
Бұған дейін Монако да Ши Жинпиңнің сапары кезінде қауіпсіздік шараларын бірнеше есе күшейткен еді. Қытай басшысының аталған елдегі қысқа уақыттық сапары кезінде ел кеңістігінен ұшатын барлық ұшақтарға және су жолындағы кемелерге тыйым салды. Ел тұрғындары бұны Монако тарихында өте сирек болған жайдай деп бағалаған.
Париждегі наразылық
Жексенбі күні Қытай басшысы Францияның Жерорта теңізі жағалауындағы қаласына ресми сапармен барып жатқан тұста, орталық қала Париждың Адам құқықтары алаңында мыңнан астам адам наразылық шеруіне шықты. Олар ел билігін және әлемді Шынжаң мен Тибетке қолдау көрсетуге шақырып, Қытай үкіметінен адам құқықтарын қорғауды, Тибет діни көсемі Далай Ламамен келіссөз жүргізуді талап етті.
Наразылық акциясына шыққан тибет өкілдері Франция мен Тибеттің тау арыстаны бейнелеген туын көтерді және «Тибет азаттығы» атты керме тулар көтерген. Шеруге шыққан ұйғыр ұлтының өкілдері Франция туымен қатар Шығыс Түркістанның тәуелсіздік қозғалысын бейнелейтін көк туды ұстаған.
Ал, француз ақпарат агенттігі AFP жексенбі күні хабарында, Қытайдың Шынжаң жерінде адам құқықтарының жаппай бұзылып жатқаны туралы хабар таратты. Алайда, Франция президенті Макрон кездесуде Қытай басшысына адам құқығы мен Шынжаң мәселесі туралы айтқан, айтпағаны туралы мәлімет жоқ.
Қытай басшысының Еуропа сапары бүгін Франция астанасы Парижде жалғаспақ. Онда ол президент Макронмен бірнеше маңызды келісімдерге қол қоймақ. Сондай-ақ, сейсенбі күні Париже Германия канцлері Ангела Меркель және Еуропа Комиссиясының төрғасы Юнкермен кездесуді жоспарлаған.