Наурыз айының 19-ы күні Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Осыған байланысты өзге елдердің мемлекет басшыларының аталмыш шешімге байланысты пікірлерін жариялауды жөн көрдік.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің отставкаға кетуі жөнінде жарияламас бұрын Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, отставка жөнінде пікір алмасқан. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков аталмыш тілдесуге қатысты БАҚ өкілдеріне қандай да бір пікір беруден бас тартқан.
Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Назарбаевтың отставкаға кетуге байланысты шешімін үлкен өкінішпен қабылдаған.
«Шавкат Мирзиеев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай зор қимастық ниетін білдірді. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нұрсұлтан Назарбаевты «осындай маңызды шешім қабылдай білетін ұлы саясаткер әрі президент» деп атады» - делінген Ақорда сайтанда жарияланған материалда.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Назарбаевтың қызметінен өз еркімен кету жөніндегі шешіміне байланысты «Назарбаев - ұлттық қана емес, әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы одақтастықты, стратегиялық әріптестікті, достық және көршілік қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі зор» - деген баға берген.
Беларусь президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуіне байланысты пікірінде Назарбаевпен арадағы ұзақ жылдық достық қарым-қатынасын жоғары бағалайтындығын және Назарбаевтың бұл шешімін үлкен өкінішпен қабылдағанын айтқан.
Армения премьер-министрі Никол Пошинян да Назарбаевтың отставкаға кетуін өкінішпен қабылдаған. Ол Назарбаевтың екі ел қарым-қатынасындағы рөлі жоғары екендігін айтқан.
Айта кететін бір жайт, Назарбаев жоғарыда аталған мемлекет басшыларының барлығымен болашақта "Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы ретінде" байланыс орнатуға уағдаласқан. Кешелі бері Қазақстан сарапшылары Назарбаевтың оставкаға кетуіне «Назарбаев қызметінен кеткенімен саясаттан кеткен жоқ» - деген баға берген.